Елімізде банкроттыққа өтініш бергендер қатары 55 мың адамнан асты

0
711

Ипотекалық несиесі бар азаматтар да банкроттыққа өтініш бере алады.


Елімізде банкроттыққа өтініш бергендер қатары 55 мың адамнан асты

ERNUR.KZ. Банкроттыққа өтініш қабылдау басталған 3 жарым айда 55 мыңнан аса арыз түскен. Басым бөлігі соттан тыс қарыздан құтылуға тырысқандар, деп жазады stan.kz.

Бұл туралы брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов айтты. Сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда 8 мыңнан аса азаматтың өтініші соттан тыс банкроттық бойынша қаралып жатыр. Қалған азаматтарға банкроттық тиімсіз екені жөнінде хабарлама жіберілген.

“Шамамен 45 мыңдай азаматтың өтініші кері қайтарылды. Оған себеп, тексеру кезінде басында мүліктің болуы, несие мерзімінің сәйкес келмеуі, қарызды реттеу туралы құжаттың жоқтығы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайлар мен ірі компанияларда акцияларының анықталуы. Әрине, ол азаматтар соттан тыс банкроттыққа қайта бере алады. Бірақ 3 ай уақыттан кейін”, - дейді Данияр Жанәлінов.

Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы сот арқылы банкроттық бойынша 482 адамнан өтініш түскенін айтты. Бірақ қазір оның тек 29 ісі қаралып жатыр, тағы 5 адам банкрот деп танылған. Сонымен қатар 8 азамат төлем қабілетін қалпына келтіру бойынша арыз қалдырыпты.

Еске салайық, бұған дейін ипотекалық несиесі бар азаматтар да банкроттыққа өтініш бере алатынын жазған едік.