Елімізде коронавирустың жаңа штамы тіркелуі мүмкін

0
539

Вирустың жаңа түрі маусымдық сырқат күйінде өтіп кетеді деп болжайды денсаулық сақтау министрі.


Елімізде коронавирустың жаңа штамы тіркелуі мүмкін

Елімізде коронавирустың жаңа штамы тіркелуі мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Бірақ бұл індет жаппай қайта тарайды деген сөз емес. Вирустың жаңа түрі маусымдық сырқат күйінде өтіп кетеді деп болжайды денсаулық сақтау министрі.

Ажар Ғинияттың айтуынша, дәл қазір вирустың өсу қарқыны төмендеген. Жағдай тұрақты. Тәулігіне 15 мың ПТР сынамасы тексерілсе, соның он-он бесінде ғана вирус анықталып жатыр. Індеттің таралу қарқыны бәсеңдеген соң барлық шектеу шарасы алынып тасталған. Десе де арқаны кеңге салуға болмайды дейді денсаулық сақтау министрі. Өйткені алыс-жақын шет елдердегі эпидахуал мәз емес.

Мәселен, көршілес Қытайда Омикрон штамын жұқтырғандар көбейсе, Еуропа елдерінде де осы вируспен ауырғандар саны артқан. Сондықтан шекарадағы шектеулер өзгеріссіз қалып отыр. ПТР қорытындысы мен вакцина паспортынсыз өз азаматтарымызбен қатар шетелдіктер де Қазақстанға кіре алмайды.

"Бүгінде барлық вирустық шектеуді алып тастағанымызды білесіздер. Десе де адам көп шоғырланған аймақтарда бетперде тағып жүруге кеңес беремін. Біз күн сайын жедел жәрдем бекеттерін, емхана мен ауруханаларды ,жұқпалы аурулар стационарын мониторинг тексеріспен бақылап отырмыз. Коронавирусқа ұқсас шағымдарды назардан тыс қалдырмаймыз.Қазір ковидтік стационарларда 200ден астам науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде 20 науқас. Жалпы жағдай тұрақты", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.