Елімізде мәдени ошақтардың ғимараты жөндеуден өтіп, өнер иелеріне жаңа сыйлықтар табысталады

0
2 693

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың қатысуымен өткен Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында министр Асхат Оралов мәлімдеді.


Елімізде мәдени ошақтардың ғимараты жөндеуден өтіп, өнер иелеріне жаңа сыйлықтар табысталады

ERNUR.KZ. Алматыда орналасқан Ш. Айманов атындағы еліміздің ең ірі киностудиясы жаңғыртылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың қатысуымен өткен Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында министр Асхат Оралов мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, мұндай шаралар отандық киностудияның техникалық мүмкіндіктерін жақсартып, жаңа жағдайлар жасауға жол ашады.

Бұдан бөлек, отандық театр ғимараттарын салу және қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілмек.

Жиында киноиндустрия мен театрдан бөлек жазушылар мен ақындарды қолдау мәселесі де сөз болды. Осы жылдан бастап, жас жазушылар мен ақындар Президенттің әдеби сыйлығын алатын болады. Министрдің сөзіне сенсек, әр номинация бойынша жеңімпаздарға 4 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Мұндай қолдау шарасы дарынды жазушылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, мәдениет қызметкерлеріне де басым көңіл бөлінетін болады.

«Мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумын ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл сала мамандарының біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибелерді игеруіне мүмкіндік береді. Осы айтылған жұмыстардың жоғары деңгейде жүзеге асуына зиялы қауымның белсенді қатысуы өте маңызды. Қоғам мен жастардың тәрбиесінде аға буынның атқаратын рөлі зор, алатын орны ерекше», - деді Асхат Оралов өз баяндамасында.
Бүгінде еліміздің мәдени саясатын жетілдіру басты стратегиялық мақсаттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Атап айтқанда, мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасының жобасында ұлттық жобаның және Президенттің сайлауалды бағдарламасының көрсеткіштері интеграцияланған, халықаралық тәжірибеге шолу жасалып, мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылған.
«Мемлекет басшысы біздің ұлттық бірегейлігімізді құрайтын өзіндік мәдениетіміз бен бірегей дәстүрлерімізден арыла алмайтынымызды атап өтті. Оны қорғау және нығайту арқылы ғана біз өзімізді өркениеттік хаоста сақтай аламыз. Ол үшін министрлік біздің мәдени мұрамызды терең зерттеп, оны, әсіресе өскелең ұрпақты кеңінен насихаттап, бірегей рухани құндылықтар арқылы әлемдік қоғамдастықта өз орнын алуға ниетті. Бұл ретте бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда», - деді Асхат Орлаов алқа отырысында.
Бірінші бағыт ортақ құндылықтар мен мәдениетті дамытуға бағытталған.
Еліміздің құнды жәдігерлерін сақтау, зерттеу және қалпына келтіру қашанда маңызды. Бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.Нақтырақ айтқанда, үздіксіз ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары мен археологиялық зерттеулердің арқасында мұражай қорлары үнемі жаңа экспонаттармен толықтырылып отырады. Мәселен, былтыр 18 археологиялық зерттеу жүргізіліп, 30-ға жуық ескерткіш қалпына келтірілді.
«Сонымен қатар, өткен жылы мұрағатшылар тарихи құжаттарды түгендеу мақсатында елге шетелден 7000-нан астам құжат әкелді. Бұл құжаттарда біздің өткеніміздің тарихын көрсететін жеткілікті құнды деректер бар екені анық.Осыған байланысты министрлік еліміздің барлық өңірлерінің кітапханаларында қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығаруға және таратуға ерекше назар аударатын болады. Мысалы, өткен жылы өңірлерге 506 мың дана кітап жіберілді. Кітапхана қорын құнды кітаптармен толықтыру-мәдени саясаттың маңызды өзегі. Бұл бағытта министрлік «жаңа қазақ әдебиеті» жобасын іске қосты. Қазақстан кітапханалары біздің азаматтарымыз үшін білім мен мәдени қажеттіліктерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ететін заманауи форматтағы көпфункционалды ақпараттық-ойын-сауық орталығына айналуға тиіс»,- деді Оралов.
Екінші бағыт мәдениет бекіністері болып табылатын құндылықтарға халықтың қолжетімділігін арттыруға арналады.
Министрлік театр ғимараттарын – бірегей өнер сарайларын салу және қалпына келтіру мәселесіне басым назар аудармақ.
«3 жылдан кейін, 2026 жылы Қазақ ұлттық драма театры өзінің 100 жылдығын атап өтеді. Аталған маңызды іс-шараға алдын-ала дайындалу керек. Барлық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ұлы Мұқаңның мұрасы біздің өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыратын көпір болуы тиіс. 2025 жылға дейін театрдың 100 жылдық мерейтойына орай оны қалпына келтіру бойынша тиісті жұмысты аяқтауға ниеттіміз. Өйткені, Әуезов әлемі өткенді, болашақты және қазіргі заман тарихын байланыстыратын алтын көпір болып табылады», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Айта кетерлігі соңғы жылдары елімізде бірқатар жаңа мәдени нысандар салынды. Атап айтқанда, Қалибек Қуанышбаев театрының жаңа ғимараты, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістандағы музыкалық-драма театры, Петропавлдағы С. Мұқанов атындағы музыкалық-драма театрының жаңа ғимараты салынды. Атап өту керек, бұл өткен жылы СҚО аумағында Тәуелсіздік жылдары салынған алғашқы театр ғимараты бой көтерді.
«Әрине, елдің қасиетті ошақтарында Құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары да басты назарда болуы керек. Біз «Ордабасы», «Сауран», «Сарайшық» және «Есік» визит-орталықтарының, елорда жанындағы «Бозоқ» ұлттық паркінің құрылысын аяқтап, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын одан әрі жаңғыртуды қамтамасыз етуге ниеттіміз. Алматыда Орталық мемлекеттік мұрағат жанынан мұрағат қоймасын салу біздің алдымызға қойылған тағы бір маңызды міндет болып табылады», - деді Асхат Оралов.
Еліміздің мұрағат саласында ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан өзекті мәселе бар. Ол мұрағат қоймаларының шектен тыс жүктелуімен байланысты.
«Мәселен, бүгінгі таңда 500 мың сақтау бірлігіне арналған 20-ға жуық мемлекеттік мұрағат ғимаратын салу қажеттілігі бар. Бұл бастама ведомствоаралық жұмыс пен үйлестіруді талап ететіні сөзсіз. Биылғы жылы негізгі міндет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, үлгілік жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу болып табылады», - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Үшінші мәселе – мәдени өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты. Бұл ретте министрлік ауқымды ірі жобаларды іске асырып жэатқанын айтты. Алғаш рет Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен өнер қайраткерлері үшін «UMAI» ұлттық сыйлығы және композиторлар арасында «DALA «DAUYSY» республикалық байқау өткізілді.
«Бұл бірегей жобалар ұлтымыздың ұлы және асыл рухын көтере алатын құнды туындыларды қолдауға бағытталған. Ұлт рухани кодының бірегейлігі сөзсіз күй, сондықтан республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі және Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың республикалық байқауы сияқты ауқымды конкурстар өткізілді. Айта кету керек, «ұлттық» мәртебесі бар 5 мәдениет ұйымының қызметкерлеріне ай сайынғы жалақы 1,75 есеге артты. Биыл сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту назардан тыс қалмайды. Шығармашылық жоғары оқу орындарының концертмейстерлерінің, сондай-ақ үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерінің, сондай-ақ би ансамблінің әртістерінің мәртебесін көтеру жоспарлануда», - деп сендірді ведомство басшысы.
Бұл ретте министрлік заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша жұмысты бастағаны мәлім болды.
Бұлардан бөлек, отандық әдебиетті байытуға, ұлттың әдеби мұраны насихаттауға, отандық әдебиет пен баспа ұйымдарына жаңа серпін беруге арналған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы пайда болды.
Министрдің сөзінше, бұл бастамалардың барлығы ұлттық өнерге, мәдениетке және әдебиетке жаңа серпін берген жобаларға айналды.
«Осы игі дәстүрді одан әрі дамыту мақсатында биыл біз жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, 18 бен 29 жас аралығындағы жас жазушыларды қолдау мақсатында арнайы президенттік әдеби сыйлық беріледі, мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумы ұйымдастырылады, бұл өз кезегінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, сала мамандарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарды жоғары деңгейде жүзеге асыруға зиялы қауымның белсенді қатысуы өте маңызды. Қоғам мен жастарды тәрбиелеуде аға буын маңызды рөл атқарады, ерекше орын алады», - деді Асхат Оралов.

Осы ретте отандық өнер бен мәдениетті жаңғырту жолынжа жанқиярлықпен қызмет еткен кейбір тұлғаларымыздың жүз жылдық мерейтойына орай «Тағылымға толы ғасыр» атты арнайы жобасын ұйымдастыру ұсынылды. Оның аясында көрнекті қайраткерлердің рухани мұрасы насихатталады.