​Жазғы демалыста жастарды жұмыспен қамту басталды

0
197

Биыл жаз мезгілінде 250-ден астам жасөспірімді қоғамдық жұмысқа тарту көзделген болатын.


​Жазғы демалыста жастарды жұмыспен қамту басталды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында 2025 жылғы жазғы кезеңде жасөспірімдердің демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 14 жастан асқан жоғары сынып оқушылары мен студенттерге қоғамдық жұмыстар ұсынылуда.

Биыл жаз мезгілінде 250-ден астам жасөспірімді қоғамдық жұмысқа тарту көзделген болатын. Алайда, мегаполисте бұл бағдарламаға сұраныстың жоғары екені ескеріліп, қазір қосымша мекемелерден өтінім жинақталу үстінде. Осылайша 500-ден астам жасөспірімді қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланып отыр.
14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер ата-анасы немесе заңды өкілімен бірге тұрғылықты мекенжайы бойынша тиісті аудандық Мансап орталығына барып, өтініш тапсырады және арнайы ақпараттық жүйеге тіркеледі. Сонымен қатар, ата-анасының жазбаша рұқсат хаты ұсынылады. Кәмелетке толмағандықтан, бұл жас аралығындағы жасөспірімдердің жалақысы ата-анасының банк шотына аударылады.
Ал 16 жастан асқан студенттер жұмыссыз ретінде тіркеліп, оқу орнынан анықтама тапсыруы қажет. Бұл жағдайда ай сайынғы еңбекақы олардың жеке есепшотына аударылады.
М.Өтебаев атындағы Жоғары және жаңа технологиялар колледжінің 2-курс студенті, 17 жастағы Кенесары Ағман қоғамдық жұмысқа жолдама алған жасөспірімдердің бірі. Ол жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында Әл-Фараби ауданы әкімдігіне қоғамдық көмекші ретінде жұмысқа кірісіп жатқанын атап өтті.
2025 жылдың 2 маусымынан бастап жұмыс берушілерден өтініштер қабылданып, бос жұмыс орындары бекітіле бастады. 3 маусым күні түстен кейін қоғамдық жұмыстарға жолдамалар таратыла бастады. Қазіргі уақытқа дейін 65 оқушы мен 23 студент қоғамдық жұмысқа жолдама алып үлгерді.