Елімізде мемлекеттік саясат туралы сериал түсіріледі

0
74

Бұған дейін байқау ресми жарияланса да, оның талаптары нақтыланбады.


Елімізде мемлекеттік саясат туралы сериал түсіріледі

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Осы жолы Мәдениет және ақпарат министрлігі байқаудың шарттарын түсіндіріп өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Ведомствоға жеке студиялардан "түрлі жанрда түсірілетін фильмдер мен сериалдар қажет" деген өтініш түскен. Аталған жобаларда мемлекет үшін маңызды тақырыптар қамтылуы керек. Мысалы, президент реформалары, рухани құндылықтар, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіп және басқа да бағыттар. Десе де, қатысушылардың санаттары мен бюджет көлемі нақты көрсетілмеген.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың сөзінше, бұл жүйе гранттық қағидамен жүзеге аспақ. Контент өндірушілер идеялары мен сметасын өзі ұсынады. Оны арнайы комиссия іріктеуге кіріседі.

– Негізгі қағида мынадай: продакшн өз идеясымен келіп, оның құнын ұсынады. Ал құрамында мемлекеттік орган өкілдері жоқ комиссия жобаны қолдау-қолдамау туралы шешім қабылдайды, – деді ол.

Негізінен, бұл механизм питчинг форматына көбірек ұқсайды. Авторлар жобаның қысқаша мазмұнын ұсынады. Мақұлданған жағдайда оны пилоттық нұсқаға дейін дамытып, кейін өндіріс кезеңіне жіберу қарастырылған.