Әзірге партия Әділет министрлігіне тіркелмеген.
Фото: baq.kz
ERNUR.KZ. "Адал заман" атты жаңа саяси партия құру идеясын заңгер Ержан Наурызбай бастаған, деп жазады inbusiness.kz.
"Болашақ" стипендиясының иегері, халықаралық полиграфологтар қауымдастығының мүшесі Е.Наурызбайдың айтуынша, партияның мақсаты – тиімді және әділ саяси-құқықтық жүйе мен халықтың жалпы әл-ауқатын қалыптастыру.
Қазіргі кезде партия Әділет министрлігінде тіркелмеген әрі қаржыландыруы да жоқ. Осы күні тек идея мен белсенділер тобы ғана қалыптасып отыр.
– Қалыптасқан азаматтық белсенділікті сындарлы арналарға қайта бағыттау қажет. Мұндай қайта құрудың ең оңтайлы нұсқасы азаматтардың саяси партияларды қолдау және сайлауда дауыс беру арқылы елдің саяси өміріне қатысуы екеніне сенімдіміз, – дейді заңгер.
Ержан Наурызбай бастаған партия парламенттік тергеу институтын енгізуге, тегін орта және жоғары білім беруге, міндетті әскери қызметті алып тастауға және кәсіби келісімшарттық әскер құруға уәде беріп отыр. Сонымен қатар, сыртқы саясатта еуразиялық интеграция және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды барлық ірі жобалардағы қазақстандық үлесті ұлғайту үшін де жұмыс істегісі келеді.