Елде сақтандыру төлемінің максималды сомасы 600 АЕК немесе 2,2 миллион теңге шамасында.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өзінің депутаттың сауалында көлік апатынан көз жұмғандардың мұрагерлеріне сақтандыру төлемін төлеуді ұсынды, деп жазады stan.kz.
Сауалда депутат сақтандырудан табысты тек компания иелері көріп отырғанын айтып, азаматтардың толық деңгейге қорғалмағанын атап өтті.
“Біріншіден, адам жол апатынан көз жұмса, мұрагерлеріне сақтандыру төлемі берілмейді. Егер асырауында адамдар болса ғана, төлем беріледі. Бірақ банк заңнамасына сәйкес несие бойынша қарызы мұрагерлерінен алынады. Тіпті жол апатынан бала көз жұмса да, сақтандыру заңнамасында ешқандай құқықтық негіз қаралмаған. Алайда жол апатынан жануар өлсе, сақтандыру төлемі қарастырылған. Бұл әділдік принципіне қарама-қайшы. Сақтандыру адамды қорғау керек, мәселе тудыру үшін емес”, – дейді ол.
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, елде сақтандыру төлемінің максималды сомасы 600 АЕК немесе 2,2 миллион теңге шамасында. Дегенмен бұл қазіргі бағамен салыстыруға да келмейді дейді.
“Қымбат көліктің бір фарасының өзі бірнеше миллион тұрады. Ал жөндеу құны бірнеше есеге көп. Ал жол апатына кінәлі жүргізуші қымбат жөндеу жұмысын төлеуге міндеттеледі. Бұл қаржы жағдайын ғана емесғ оның отбасылық жағдайына әсер етіп, несие алуға және мүлкін сатуға мәжбүрлейді. Сондай-ақ сақтандыру компаниялары ұсынатын ерікті сақтандыру бізде жұмыс істемейді. Бірақ азамттар әлі де міндетті сақтандыру шығынды толық өтейді деп ойлап жүр. Осылайша дол қозғалысы қатысушыларының өмірін қатерге тігеді”, – деп қосты ол.
Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, елде зақымдалған мүлікті бағалау да мәселеге айналған. Сондықтан жәбірленушілер көбіне тәуелсіз бағалаушыларды шақырады екен. Нәтижесінде азаматтар көлігін өз қаржысына қалпына келтіріп, шығынға батады.
“сонымен қатар мідетті сақтандыру алымы есебінен сақтандыру компанияларының активі бірнеше миллиард теңгеге жетті. Бірақ максималды төлем әлі төмен деңгейде. Сақтандырушылар өздеріне жайлы жағдай жасап алған. Басты міндетін дұрыс атқармай, әлеуметік әділдік принциптерін бұзады. Осыларды ескере отырып, біз апаттан көз жұмғандардың мұрагерлеріне сақтандыру төлемін төлеуді ұсынамыз”, – деді өз сауалында депутат.
Бұдан бөлек депутат сақтандыру төлемдерін 600 АЕК-тен де асыруды ұсынып отыр.