Еліміздегі эндаумент қорлардың қызметі заңмен реттеледі

0
132

Эндаумент қорының құрылымы барлық коммерциялық емес ұйым үшін стандартты болып табылады.


Еліміздегі эндаумент қорлардың қызметі заңмен реттеледі

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 30 маусымда «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент қорлар (нысаналы капитал) туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес эндаумент қорлары университеттерге ғылыми зерттеулер жүргізуге және ҒЗТКЖ-ға жеке инвестицияларды тартуға қолдау көрсетудің негізгі элементтерінің біріне айналуға тиіс. Заңды әзірлеу кезінде эндаумент-қордың үздік тәжірибесі бар елдердің тәжірибесі ескерілді. Ең сәттісі ретінде америкалық эндаумент қорларының үлгісі негізге алынды. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Оның хабарлауынша, АҚШ-тағы эндаумент қорлар америкалық университеттердің тұрақтылығы мен әлемдегі көшбасшылығының іргетасына айналды. 2023 жылы америкалдық колледждер мен университеттердің қорларында жинақталған қаражаттың жалпы сомасы 839 млрд долларды, ал қордың орташа мөлшері 1 млрд долларды құрайды.

«Жеке заңның қажеттілігі эндаумент қорларының екіжақты табиғатымен байланысты – бір жағынан қайырымдылық, екінші жағынан инвестициялық қызметті біріктіріп, оны бір заң аясында реттеу қажет болды. Қазақстанда 22 эндаумент қоры бар. Олардың барлығы дерлік қарапайым қайырымдылық қорлары ретінде жұмыс істейді, орташа мөлшері 1 млрд теңгеден төмен. Заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының өзегін қолданыстағы эндаумент қорларының өкілдері құрады. Топтын қатарына халықаралық сарапшылар, соның ішінде Дүниежүзілік банк, эндаументтердің кәсіби қауымдастықтары, шетелдік ЖОО мамандары тартылды», – деді спикер.

Эндаумент қорының құрылымы барлық коммерциялық емес ұйым үшін стандартты болып табылады. Құрылтайшылар қамқоршылық кеңестің бірінші құрамын іріктеп, оған жоғарғы басқару органының барлық өкілеттіктерін толығымен жүктеп береді, оның ішінде оның құрамындағы болашақ өзгерістерді бекіту, атқарушы органды анықтау, инвестициялық және шығыс саясатын қабылдау сынды тетіктер бар.

Қамқоршылық кеңес қоғамға еңбек сіңірген, абыройлы және жоғары беделі бар азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінен құрылады.