​Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту ісі көңіл көншітпейді

0
1 245

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдай жасау керек.


​Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту ісі көңіл көншітпейді

ERNUR.KZ. Елімізде мүгедектерді оңалту бағдарламасы толыққанды іске аспайды. Онда қамтылған шаралар тек 60 пайызға ғана орындалып отыр, деп жазады 24.kz.

Басты себеп қажетті қаражаттың тиісті деңгейде бөлінбеуі. Осы сынды олқылықтарды түзеп, жарымжан жандарға қолайлы жағдай жасау үшін ұлттық жоспар әзірленіп жатыр. Құжат аясында 3 маңызды реформа қолға алынбақ. Бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық көмек көрсететін әлеуметтік мекемелерді қаржыландыру жүйесі жаңғыртылады. Нәтижесінде қызмет сапасы арта түседі. Сосын әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттырып, жалақысын көтеру көзделіп отыр. Жұмыссыздық мәселесін шешу де басты міндет. Себебі, елімізде 680 мың мүгедек өмір сүреді. Оның тең жартысынан астамы еңбекке қабілетті жаста. Алайда небәрі 111 мыңы ғана екі қолға бір күрек тапқан. Биыл квота арқылы 5 мың адамды еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а:

- Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдай жасау керек. Ол үшін алдымен жұмыс беруші талаптарын өзгертуі тиіс. Тек мемлекеттік қана емес жеке секторлар да осыған атсалысуы қажет. Біз қоғам болып мүгедектердің құқын шектемей, бәріне бірдей жағдай жасалуын талап етуіміз керек. Түптеп келгенде, біз осы ұлттық жоспар аясында мүгедектердің сапалы өмір сүруін қамтамасыз етіп, халықаралық талаптарға сайкестендіруді көздеп отырмыз.

Фируза Кайлюкова, қала тұрғыны:

- Бізге бірінші кезекте ғимарттарға кедергісіз кіріп шығуды қамтамасыз ету керек. Елордасы Астананың өзінде бұл мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Сосын мен жарты жылдан астам уақыт инватакси қызметін пайдалана алмай келемін. Себебі 500 адамға бар жоғы 5 қана көлік қарастырылған. Бірақ ең бастысы, мүгедектігіміз үшін алатын жәрдемақы көлемін арттыру керек. Себебі ай сайын дәрі-дәрмекке көп ақша жұмсайтын адамдар баршылық.