Жастарына арналған "Бірлік" халықаралық жастар лагері және ҚХА-ның "Тіл мектебі" ұйымдастырылды.
Фото: inbusiness.kz
ERNUR.KZ. "Этносаясаттану" және "Этножурналистика" бағыттары бойынша бағдарламалары бар жоғары оқу орындарының санын арттыру жұмыстары жүргізілуде, деп жазады inbusiness.kz.
2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022–2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын сәтті іске асырды. Осы жұмыстар аясында 9 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 700 мыңнан астам адам қамтылды.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 25 сәуірде Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясы. Бұл шараға 1500-ден астам адам, соның ішінде ҚХА мүшелері, Парламент депутаттары және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Ақпараттық салада да маңызды жобалар жүзеге асырылып, 6 деректі фильм түсірілді. Мысалы, "Отандастар", "Бірлік бесігі", "Шаңырақ" бағдарламасы сияқты көп сериялы деректі фильмдер жарық көрді.
Сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар қалаларында ҚХА Журналистер клубының отырыстары өтті. Онда этносаралық қақтығыстардың алдын алу, "араздық тілін" анықтау және алдын алу, этносаралық саладағы фактчекинг әдістері талқыланды.
– Білім беру саласында еліміздің төрт жоғары оқу орнында "Этносаяси сауаттылық" пәні енгізілді. "Этносаясаттану" және "Этножурналистика" бағыттары бойынша бағдарламалары бар жоғары оқу орындарының санын арттыру жұмыстары жүргізілуде, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, "Бір ел" және "Бейбітшілік пен келісім жолымен" жобалары жүзеге асырылды.
22 қарашада Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының "Мың бала" мәдени-ағарту жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жоба қазақстандық бірегейлікті дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған. Мақсаты – мектеп оқушылары мен түрлі этнос жастары арасында мемлекеттік тіл арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау.
2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай, 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланған.