Еліміздің су инспекторларына барлық қажетті материалдық-техникалық жағдай жасалды

0
81

Су ресурстарын басқару, тиімді реттеу және қорғау жөніндегі жүйелі проблемаларды шешу үшін 2024 жылдың шілде айында Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылымында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды.


Еліміздің су инспекторларына барлық қажетті материалдық-техникалық жағдай жасалды
ERNUR.KZ. Комитеттің негізгі міндеттері – мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша үйлестіруді қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық, реттеушілік, іске асыру, бақылау-қадағалау функцияларын орындау. Комитет құрылымында су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу бойынша 8 аумақтық бассейндік су инспекциясы жұмыс істейді. ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында инспекциялардың қызметі жайында баяндады.

Оның айтуынша, бұл инспекциялар су ресурстарын реттеу, суды заңсыз пайдалануға қарсы күрес, су пайдалану шарттарын сақтау, су ресурстарының ластануы мен сарқылуын болдырмау міндеттерін атқарады.

«Ағымдағы жылдың 9 сәуірінде Мемлекет басшысы жаңа редакциядағы Су кодексіне қол қойды. Су кодексі шеңберінде Комитетке су ресурстарын реттеу және қорғау, жедел ден қою шараларын қабылдау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бақылау мәселелеріне қатысты бірқатар маңызды реттеу функциялары берілген. Су кодексін іске асыру мақсатында Комитет 22 нормативтік құқықтық актіні әзірледі. Бассейндік су инспекцияларының материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарды. Арнайы автокөліктер паркін жаңартып, 18 автокөлік сатып алынды. Сонымен бірге қажетті компьютерлік техника алынды», – деді спикер.

Сондай-ақ инспекция қызметкерлерінің еңбек жағдайлары жақсарып, өңірлердегі 10 әкімшілік ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоғарыда аталған барлық шара инспекциялардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап, орындалатын функциялардың сапасын арттыруға бағытталған.