«Электр қозғалтқышы бар көлік құралдарының кейбір түрлеріне қатысты Кеден одағы комиссиясының және ЕЭК кеңесінің кейбір шешіміне өзгерістер енгізу туралы» ЕЭК кеңесі шешімінің жобасы талқыланып жатыр.
Фото: Алматы әкімдігі
ERNUR.KZ. Елімізге электр көліктерін әкелуге тарифтік жеңілдіктер тағы 1 жылға ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп жазады inform.kz.
— Қазіргі уақытта 7.1.38 тармаққа сәйкес, Кеден одағы комиссиясының шешімі күшінде. Соған орай бекітілген тариф аясында электр көліктерін әкелуге арналған тарифтік жеңілдіктер беріледі. Аталған квота 2025 жылдың соңына дейін күшінде болады және 2024 және 2025 жылдары жыл сайын 15 мың дана көлемінде белгіленген, — деді Үкімет басшысы.
Оның мәліметінше, бүгінде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесі аясында
«Электр қозғалтқышы бар көлік құралдарының кейбір түрлеріне қатысты Кеден одағы комиссиясының және ЕЭК кеңесінің кейбір шешіміне өзгерістер енгізу туралы» ЕЭК кеңесі шешімінің жобасы талқыланып жатыр. Аталған жоба электр қозғалтқышы бар маторлы көлік құралдарының кейбір түрлерін 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін әкелу үшін кедендік баж салығынан босатуды қарастырады.
— ЕЭК кеңесінің қарастыру және тиісті шешім қабылдау қорытындысында Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары бекітілген тәртіппен келісілген әдістер аясында әрекет етеді, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда электромобильдерді жеңілдікпен әкелуге арналған квота толық пайдаланылғанын, енді мұндай көліктерді әкелу жалпы негізде, барлық кедендік төлемдер мен салықтарды төлей отырып жүзеге асырылатынын хабарлаған еді.


