​Елорда жатақханадан шыққан өрттің себебі анықталып жатыр

0
1 021

Өрт салдарынан аумағы 20 шаршы метр болатын бөлме бүлініп, үй мүлкі жанған.


​Елорда жатақханадан шыққан өрттің себебі анықталып жатыр

ERNUR.KZ. Елордадағыжатақханадағы өртке электр құралының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс полковнигі Орал Әбдірахманов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Сағат 10-39-да 101 пультіне Ж.Досмұхамедұлы көшесі 4 мекенжайынан өрт шыққаны туралы дабыл түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері келген соң 5 қабатты жатақхананың 2-ші қабатындағы бөлме жанып жатқаны анықталды. Бірінші кезекте өрт сөндірушілер жатақхана тұрғындарын қауіпсіз жерге шығарды», - деді ол.

Оның айтуынша, өрт кезінде 32 адам, оның ішінде 28 бала құтқарылды. Мұнан бөлек жатақхананың 350 тұрғыны өз беттерінше қауіпсіз жерге шығып үлгерген.

«Өрт салдарынан аумағы 20 шаршы метр болатын бөлме бүлініп, үй мүлкі жанған. Оқиға орнында өрт сынағы зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам - тұрмыстық және электр құралдарының қысқа тұйықталуы. Бұл негізгі нұсқалардың бірі болғанымен басқа да себептері қарастырылып жатыр», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін қаладағы Ж.Досмұхамедұлы көшесі, 4 мекенжайында орналасқан жатақханадан өрт шықты.

Белгілі болғандай, жатақхананың 2-қабатындағы аумағы 18 шаршы метрлік бөлме өртке оранған. Өрт сөндіру қызметі тілсіз жауды ушықтырмай, жедел сөндірді. Сондай-ақ, оқиға орнынан 32 адам эвакуацияланды. Өрт кезінде кішкентай бала газдан уланып, орташа деңгейлі жарақатпен қалалық ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнына қала әкімі Бақыт Сұлтанов барып, Байқоңыр аудандық әкімдігі басшыларына өрттен зардап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Өрттен зардап шеккен 8 бала ауруханада жатыр.