Елордада 2 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға тегін баратын болды

0
960

700-ден астамы балабақшамен қамту көмегі сұралып, ол 700 өтініштің барлығының мәселесі шешілді.


Елордада 2 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға тегін баратын болды

ERNUR.KZ. Ел астанасындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан 2 мыңнан аса бүлдіршін балабақшаға тегін барады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қалалық мәслихаттың отырысында мәлім етті, деп жазады Елорда Инфо.

«Балабақшаға қатысты барлық сұрақ бойынша біздің басқармаға хабарласып немесе жақын жердегі балабақшадан білуге болады. Яғни мемлекеттік балабақшаларда консультациялық көмек қарастырылған. Одан бөлек, бізде электрондық база бар, сол бойынша балабақшаға қатысты ақпаратты алуға және тіркелуге де болады. Сондай-ақ, мен өз ұялы телефон нөмірімді де ашық жарияладым, маған тікелей хабарласып білуге болады», - деді Әнуар Жанғозин.

Айта кетсек, қалалық әкімдік барлық құзырлы басшылардың, яғни әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының телефон нөмірлері мен әлеуметтік желі парақшаларын жариялаған болатын. Соның ішінде қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин да бар. Оның Фейсбук парақшасы www.facebook.com/azhangozin және телефон номері +7 776 125 57 71.

Одан бөлек, басқарма басшысы елордалық аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту жұмыстарының белсенді түрде жүріп жатқанын айтып өтті.

«Бүгінгі күнге дейін бізге аталған әлеуметтік статусқа ие азаматтардан 1 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Соның 700-ден астамы балабақшамен қамту көмегін сұрады және ол 700 өтініштің барлығының мәселесі шешілді. Оның ішінде негізгі бөлігін балабақшамен қамтысақ, қалғанын шағын орталықтардың қызметін ұсыну арқылы шештік. Осы тұрғыда жеке кәсіпкерлердің де үлесі зор екенін айтып өткен жөн. Және бұл жұмыс әрі қарай жалғасатын болады», - деді ол.

Сонымен қатар, Әнуар Жанғозин қала әкімінің аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды мектепке дейінгі білім берумен толық түрде қамтамасыз етуді тапсырғанын да белгілеп етті.

«Қала әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында қазір балабақшаларда өтініш қабылдайтын және соларды қарап, саралайтын арнайы жұмыс тобын құруды ойластырудамыз. Әрине мәселе айналып келіп қаржыға тіреледі, сондықтан алдымен бюджет жағын шешіп алу керек. Негізі жоспарымыз бойынша қыркүйек айынан бастап 2 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасының балаларын балабақшамен тегін қамтуды көздеп отырмыз», - дейді басқарма басшысы.