Қазақстан мен Хорватия мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс, инновациялар, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және туризм бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеді.
ERNUR.KZ. ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанға іс-сапармен келген Хорватия премьер-министрінің орынбасары - сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Буричпен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.
Келіссөз қорытындысы бойынша екі министр білім мен ғылым саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
«Бүгін біз өте табысты келіссөз өткіздік. Пейчинович-Бучич xаным өзінің сапарын Нұр-Сұлтандағы Хорватия елшілігінің ресми ашылуымен ұштастырды. Бұл - шет мемлекеттің Қазақстандағы 70-ші өкілдігі болды. Біз оны Хорватияның Қазақстанға деген үлкен құрметінің айрықша көрінісі, ерекше қатынас пен достықтың белгісі деп білеміз. Хорватия оңтүстік-шығыс Еуропадағы маңызды әріптесіміз саналады. Біз екі жақты қарым-қатынасты одан ары күшейтуге мүдделіміз», - деді Б.Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, үш жылдың ішінде екі елдің сауда-саттығы 8 есе өсіп, 350 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстан мен Хорватия мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс, инновациялар, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және туризм бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеді. Ал сауда-экономикалық байланыстарды күшейту мақсатында биыл үкіметаралық комиссияның бірінші отырысын өткізуге шешім қабылданды.
«Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам xорват компаниясы жұмыс істеп жатыр. Ірі жобалардың ішінде Нұр-Сұлтандағы «Загреб» тұрғын үй кешені, электронды денсаулық төлқұжатын енгізу және протез-ортопедиялық өнімдерді бірлесіп шығару сияқты бастамалар бар», - деп атап көрсетті Б.Атамқұлов.
Хорватия премьер-министрінің орынбасары да Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық байланыстарға оң баға берді. Екі мемлекет xалықаралық ұйымдар аясында үнемі бір-біріне қолдау білдіріп отырады.
«Ал экономикалық ынтымақтастық туралы келісім үкіметаралық комиссияның жұмысына негіз болып отыр. Аталған құрылым екіжақты байланыстың қосымша институционалдық базасын береді. Біз ол байланысты барлық салалар бойынша күшейтуге мүдделіміз. Соның арқасында Қазақстан азаматтары визаны жылдам алып, Хорватияға сапар жасай алады», - деді Мария Пейчинович-Бурич.
Осыдан кейін министрлер Хорватия елшілігінің ресми ашылуына қатысты.