Түркияда Астанадағы елшілік ғимаратына қатысты дау шықты

0
169

Нысанды салған мердігер компания 15 млн долларды қолма-қол алмағанын айтып, Сыртқы істер министрлігін сотқа берген.


Түркияда Астанадағы елшілік ғимаратына қатысты дау шықты

Фото: dmfgroup.kz

ERNUR.KZ. Түркия Парламентінің Республикалық халық партиясынан сайланған депутаты Айсу Банкоглу елдің Сыртқы істер министрлігінен Астанадағы елшілік кешенінің құрылысына бөлінген қаржының есебін сұрады. Қазіргі уақытта 15 млн доллардың қалай жұмсалғаны басы ашық сұрақ күйінде қалып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Елдің Сыртқы істер министрлігі 2007 жылы Yapı Uluslararası İnşaat компаниясымен әкімшілік ғимарат, елшінің резиденциясы және дипломатиялық миссия қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салу жөнінде келісімшарт жасалған. Бастапқы келісімшарт құны 26,25 млн доллар деп көрсетілген.

"Түркия Республикасының Астанадағы елшілігін салуға бөлінген 15 миллион доллардың қайда жұмсалғанына қатысты бірқатар маңызды сұрақ туындап отыр. Мердігер компания нысан құрылысының 96 пайызы аяқталғанын, алайда атқарған жұмысы үшін ақы алмағанын айтып, Сыртқы істер министрлігіне қарсы сотқа талап-арыз берген. Ал министрлік, керісінше, қаражаттың толық төленгенін мәлімдейді", – деді депутат министрге қарата.

Депутаттың айтуынша, Түркияның Сыртқы істер министрлігі төлемнің құрылыс компаниясына қолма-қол жасалғанын растайтын 4 құжат ұсынған. Алайда Түркияның бұрынғы елшісі Танер Себен мен әкімшілік атташе Бюлент Юксельтюрк бұл құжаттарға қол қойғандарын жоққа шығарды.

Бұған қоса, құжаттардан күндер мен орындалған жұмыс көлеміне қатысты сәйкессіздіктер анықталған. Сот Сыртқы істер министрлігінен мердігермен есеп айырысу туралы шынайы ақпарат беруді міндеттеп отыр.

Айсу Банкоглу Сыртқы істер министрінен ақшаның нақты кімге берілгенін түсіндіруді және ішкі тергеу нәтижелерін жақын арада жариялауды талап етті.