Қазіргі уақытта жасанды интеллект ұсынған кеңестер тікелей жол үстінде тексеріліп жатыр.
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
ERNUR.KZ. 7-магистраль бойындағы Терешкова көшесінен Стартовый тұйық көшесіне дейінгі учаскеде бағдаршамдарды реттеу жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын пилоттық жоба қолға алынды, деп жазады tengrinews.kz.
Жаңашылдықтың мәні – шашыраңқы деректерді біріктір. Бейнебақылау камералары әр жолақтағы көлікті санайды, бағдаршамдар өздерінің ағымдағы жұмыс режимдері туралы ақпарат береді, ал нейрожелі осы көрініс негізінде әр қиылыс үшін оңтайлы параметрлерді таңдайды.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің түсіндіруінше, бағдаршамдар жұмысындағы үйлесімсіздік кептелістің басты себептерінің бірі болып шықты: мысалы, Камская көшесімен қиылыстағы бағдаршам мен ХМК жанындағы жаяу жүргіншілер өтпесінің арасы небәрі 81 метр болса да, олар әртүрлі режимде жұмыс істейді. Соның салдарынан жүргізушілер осынау қысқа аралықта екі рет тежегіш басуға мәжбүр.
Пилоттық учаскедегі алты бағдаршам нысанын синхрондаудан кейін есептеулер айтарлықтай нәтиже береді деп күтіледі. Таңертең солтүстік бағытта қозғалғанда аялдау саны орта есеппен үштен бірге дейін азаюы тиіс, ал Карл Маркс көшесінен шығатын автокөлік жүргізушілері қиылыстан екі жасыл түсті күтпей-ақ, бірден өтіп кету мүмкіндігіне ие болады. Жалпы алғанда, қарбалас уақыттағы кідірістер шамамен 40 пайызға азаюы мүмкін.
Жаңа алгоритм тек жұмыс күндері таңғы және кешкі қарбалас уақытта – сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және 16:30-дан 19:30-ға дейін жұмыс істейді. Қалған уақытта, соның ішінде демалыс күндері де бәрі бұрынғыша қалады.
"Біздің міндетіміз – тұрғындардың нақты мәселелерін шешу үшін цифрлық технологияларды пайдалану. Олардың нәтижесі компьютер экранында емес, адамдардың күнделікті өмірінде байқалуы тиіс", - деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қазіргі уақытта жасанды интеллект ұсынған кеңестер тікелей жол үстінде тексеріліп жатыр. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін мамандар нақты нәтижелерді бағалайды. Әзірге Қарағандыдағы жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған, оның тек оны ғана адаптивті режимде жұмыс істейді.


