​Елордада Ыбырай Алтынсариннің бюсті ашылды

0
654

Бюсттің биіктігі тұғырын қоса алғанда 4 метрден асады.


​Елордада Ыбырай Алтынсариннің бюсті ашылды

ERNUR.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Ұстаздар күні қарсаңында ұлы ағартушы, қоғам қайраткері – Ыбырай Алтынсариннің бюсті ашылды, деп жазады 24.kz

Ыбырай Алтынсарин бюсті елордадағы №83 мектептің алдына орнатылды. Бюсттің биіктігі тұғырын қоса алғанда 4 метрден асады. Туынды авторы – Нұрбол Қалиев. Бюстің тұғыры граниттен, ал мүсіннің өзі қоладан құйылған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ақын, қоғам қайраткері Несіпбек Айтұлы және басқа да қоғам өкілдері қатысты.

«Ел тарихындағы елеулі тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз. Бүгін біз қазақ халқының аяулы перзенті саналы ғұмырын, қажыр-қайратын бала тәрбиелеуге және халықтың ағарту ісіне арнаған ұлы тұлғамыз Ы.Алтынсариннің бюстін ашуға жиналып отырмыз. Бұл ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған игі шара деп есептейміз. Алдағы уақытта дәл осы №83 орта мектебіне Ы.Алтынсариннің есімі беріледі деген жоспарымыз бар. Мұндай игі бастамаларды ары қарай да жалғастыра береміз. Осы жыл ел тарихындағы ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Ендігі кезекте осы сәтті пайдалана отырып барша ұстаздар қауымын ертеңгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрқайсыңызға зор денсаулық, үйлеріңізге құт-береке, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еліміздің гүлденуі үшін тамшыдай болса да үлесімізді қоса берейік!», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Бюсттің салтанатты ашылуына қатысқан қоғам қайраткерлері «Алтынсарин армандаған күнге бүгінгі ұрпақ жетіп отыр», деді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биыл елордада мәдениет пен жалпы елдің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ескерткіш топтамасы ашылды. Бұған дейін қалада алашордашыларға, сол сияқты Талғат Бигелдинов, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтпаев, Жұмабек Ташенев, Жақсылық Үшкемпіров сынды тұлғаларға ескерткіштер қойылған болатын. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда күн сайын адам өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне монументтер орнатылды. Бұл жұмыс жастарға рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында жүргізіледі.

Айта кетейік, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бюстің ашылуы маска режимі, әлеуметтік қашықтық секілді санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.