Елордалық полицейлер өрттен бес адамды құтқарды

0
776

Өрт туралы қоңырауға бірінші болып астаналық полиция қызметкерлері жетті.


Елордалық полицейлер өрттен бес адамды құтқарды

ERNUR.KZ. 6 наурыз күні сағат 05.04-де Жүнісов көшесіндегі 300 шаршы метр аумақта жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп жазады Polisia.kz.

Өрт туралы қоңырауға бірінші болып астаналық полиция қызметкерлері жетті. Оқиға орнына жеткен Нұр-Сұлтан қаласы жергілікті полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің инспекторларына үйге кіру үшін терезені сындыруға тура келді.

Бөлмелерге сынған терезе арқылы кіріп, қызметкерлер түтін басқан бөлмеден ұйықтап жатқан адамдарды тапты. Полиция қызметкерлері адамдарды тез арада оятып, таза ауаға шығуға көмектесті. Содан кейін тәртіп сақшылары жедел медициналық көмек шақырды. Барлығы 5 адам эвакуацияланды. Сағат 05.56 – да ТЖД қызметкерлері өртті сөндірді. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді . Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жадынамалар, улы газбен уланудың және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жылыту пештерін қауіпсіз пайдалану бойынша жадынамалар таратылды.