Елжан Біртановтің үйқамақта болу мерзімі тағы бір айға ұзартылды

0
474

Сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 маусымнан 14 шілдеге дейін ұзартылатынын мәлім етті.


Елжан Біртановтің үйқамақта болу мерзімі тағы бір айға ұзартылды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Елжан Біртановты үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасын күшінде қалдырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Кеше өткен отырыста мемлекеттік айыптаушы соттан бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақта ұстау мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды сұраған болатын. Прокурор Төлеген Жараспаев күдікті Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 шілдеге дейін ұзарту туралы өтінішті Қаржы мониторингі агенттігі Тергеу департаментінің басшысы түсіргенін атай келіп, қосымша сараптама мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен алынған жауаптарды, мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысын талдау жұмыстарын 14 маусымға дейін аяқтау мүмкін емес деген уәж айтты.

Осының бәрін ескеріп, үйқамақ мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды және қанағаттандыруды сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сондай-ақ, ол Біртановқа отбасы мүшелерінен басқа барлық адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салу керектігін айтты. Бұл талабын ол тергеу жұмыстарының мерзімі 1 тамызға дейін ұзартылуымен байланыстырды. Прокурордың айтуынша, күдікті соттың тыйымы бар екенін біле тұрып, бірқатар заңға қайшы әрекеттерге барғанын атады. Бірақ сот отырысына БАҚ өкілдері қатысып отырғанын ескеріп, нақты қандай әрекеттер туралы сөз болып жатқанын ашып айта алмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл тергеу әрекеттерін жария ету болмақ.

Сот процесі барысында қорғаушылар Елжан Біртановтың сыртынан тергеу органының аңду жүргізуі заңды екенін растайтын құжат жоқ екенін айтып, үйқамақ мерзімін әрі қарай ұзартпауды сұраған болатын.

Бүгін сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 маусымнан 14 шілдеге дейін ұзартылатынын мәлім етті.

«Баяндалған деректердің негізінде, Қылмыстық іс жүргізу ккодексінің 55, 56, 151, 152-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Елжан Амантайұлы Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 2021 жылғы 14 маусымнан бастап 14 шілдені қоса алғанда есептелетін 9 айға дейін ұзарту туралы қаулы етті. Күдіктінің қорғаушылары мен адвокаттарының өтініштері қанағаттандырусыз қалдырылсын», - деді тергеу сотының судьясы Ақмарал Исаева

Яғни, сот айыптаушы тараптың Біртановқа отбасы мүшелерінен басқа барлық адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салу туралы өтінішін қабылдамады.

Бір ай бұрын сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау шарасын күшінде қалдырған болатын.

Еске салсақ, бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған еді.