«Ол үшін инвестор тарту маңызды».
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек екендігін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Ең алдымен, тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек. Бұл межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік береді.
Табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажет. Тиімді бақылау жүргізу аса маңызды. Мұны осы саладағы бүкіл үдерісті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады.
Ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек. Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс. Бұл үдерісті барынша жеңілдетіп, автоматтандырған жөн. Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуі керек. Сонымен қатар әкімдер қаланы абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеуі қажет», - деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар, ең алдымен, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керектігін, ол үшін инвестор тарту маңызды екендігін жеткізді.
«Сондай-ақ, көгалдандыру ісімен айналысу қажет. Қазір бұл жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатыр. Электр қуаты, жылу, су, жалпы тиімді коммуналдық шаруашылық – басты игілігіміз. Оның қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бұл – саладағы қордаланған барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беретін маңызды әрі кешенді реформа», - деді мемлекет басшысы.


