​Ең алдымен халықты жұмыспен қамту керек – Нұрсұлтан Назарбаев

0
1 892

"Мен бұл үдерісті өзім қадағалап отырамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


​Ең алдымен халықты жұмыспен қамту керек – Нұрсұлтан Назарбаев

Бүгін ҚР Президенті төрағалығымен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өтіп, Елбасы мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдерінің жұмыстарын бағалау азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне және тұрмыс сапасына тікелей байланысты болатынын атап айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өңірлерде жалақыны өсіру жөніндегі шараларды уақтылы қабылдаудың, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүйелі реформалар жүргізудің, тұрғын үйлер мен ішкі аудандық жолдарды салу қарқынын күшейтудің, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен экология проблемаларын шешудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Құтты мекен» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

– Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері өңірдегі тұрғындардың өзекті мәселелерін жеке бақылауға алып, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасау негізгі бағыттың бірі саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың тиімділігін арттырып, бұл үдеріске тұрғындардың белсенді атсалысуы қажеттігін атап өтті.

– Ең алдымен, халықты жұмыспен қамту керек. Мемлекеттік аппараттың міндеті – шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға күш жұмылдыру. Бұл жұмысты барлық қалаларда, аудандар мен ауылдарда жаппай жүргізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жүктелген міндеттердің орындалу барысын үнемі бақылап отыруды тапсырды.

– Үкімет, әкімдер, жұртшылық және Нұр Отан» партиясы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы жұмысқа атсалысуға тиіс. Мен бұл үдерісті өзім қадағалап отырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.