Енді дипломдық жұмыстарды өзі жазбай, сатып алатындарға шара қолданылады – Аймағамбетов

0
555

Бас ұстаздың ойынша, бұл тек дипломдық жұмыстарға ғана емес, магистрлік диссертация және басқа да ғылыми еңбектерге қатысты мәселе.


Енді дипломдық жұмыстарды өзі жазбай, сатып алатындарға шара қолданылады – Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов дипломдық жұмыстарды сатып алатындарға шара қолданылатынын ескертті, деп жазады baq.kz.

"Дипломдық жұмыстар немесе дипломдық жобаларды қорғау уақыты жақындап қалды. Осы мәселені назарда ұстау керек. Яғни академиялық адалдық мәселелері сақталуы қажет. Біз қазір арнайы норманы енгізу бойынша тиісті жұмысты бастап кеттік", - дейді БҒМ басшысы.

Оның сөзінше, бұл жұмыстың маңыздылығы жоғары.

"Оның мағынасы неде? Дипломдық жұмыстарды белгілі бір ақыға біреуге жазып беру немесе оларды сату, сатып алу мәселелеріне қатысты жағдайлар туындаса, оған тиісті шара қабылданады. Бұл академиялық адалдық принциптерін сақтау үшін қабылданып отыр", - деп түсіндірді Аймағамбетов.

Бас ұстаздың ойынша, бұл тек дипломдық жұмыстарға ғана емес, магистрлік диссертация және басқа да ғылыми еңбектерге қатысты мәселе.

"Егер осындай жұмыстарды біреу «ақылы негізде жазып беремін, көмектесемін» деген ұсыныстар болса, онда тиісті шара қабылдануы керек. Осы мәселені іске асыру үшін біз арнайы нормаларды дайындадық. Олар заңға енгізілгенше, осы мәселеге назарларыңызды аударғым келеді", - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.