Енді есірткі сатқандар мен педофилдер өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін

0
822

Баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.


Енді есірткі сатқандар мен педофилдер өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін

ERNUR.KZ. Кәмелеттік жасқа толмағандарға есірткі сатқандар мен бала зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады, деп хабарлайды ktk.kz.

Қазақстанда есірткі заттарын сату және тарату бойынша жазаны күшейту жоспарланып отыр. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша есірткіге жарнама жасауға қатысты жаңа бап енгізілген. Себебі бүгінде осы мәселе елді қатты алаңдатып жүр. Ғимараттарда есірткі заттарының жарнамасы көбейіп кетті. Әзірге ол үшін жаза қарастырылмаған.

"Енді олай болмайды. Заңсыз есірткінің насихаты мен жарнамасы үшін жауапқа тартамыз. Жазасы ауыр. Айыппұл, түзету мен қоғамдық жұмыстар деген болмайды, тек бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Мерзімі – 6 жылға дейін", - деді Ахметжанов сенаттың пленарлық отырысында.

Бұдан бөлек, заңсыз есірткі айналымы үшін жазаны күшейту жоспарланған.

"Енді есірткіні интернет арқылы, қоғамдық жерлерде, түнгі клубтарда, дәмханада, саябақта таратқаны үшін жаңа құрам қарастырып отырмыз. 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балаға осы жолдармен таратса, тіпті, өмір бойына бас бостандығынан айырамыз", - деп атап көрсетті Ахметжанов.

Айта кеткен жөн, заң жобасында зорлық-зомбылық қылмыстары үшін жазаны күшейту шаралары да бар. Осы санаттағы қылмыстар бойынша енді татуласу болмайды. Ал жас баланы зорлау мен сексуалды сипаттағы әрекеттер үшін тек 20 жыл немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сенаторлар қылмыстық заңнаманы жетілдіруге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.