Енді сәуір айынан бастап «Астана – Талдықорған» бағыты бойынша пойыз қатынайды

0
214

​Вагон саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ.


Енді сәуір айынан бастап «Астана – Талдықорған» бағыты бойынша пойыз қатынайды

Фото: ҚТЖ

ERNUR.KZ. Биыл сәуір айынан бастап «Астана – Талдықорған» бағыты бойынша жаңа теміржол қатынасы ашылады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жаңа бағыт Мәжіліс депутаттарының бастамасымен, Көлік министрлігі және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында, сондай-ақ азаматтардың өтініші ескеріле отырып іске қосылғалы жатыр.

«Бастапқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы тарапынан екі жолаушылар вагоны бөлініп, олар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күн ара қатынайды. Ақтоғай станциясында аталған вагондарды №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына қайта тіркеу көзделген, бұл бүкіл маршрут бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді Көлік министрлігі.

Ал жолаушылар тарапынан тұрақты сұраныс болған жағдайда вагондар саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен ұлғайтылады.

Астанадан Талдықорғанға алғашқы пойыз биыл сәуір айында жүреді деп жоспарланған және Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуына орайластырылмақ.

Жаңа теміржол қатынасы өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға; тұрғындардың мобильділігін арттыруға; ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға; Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді, деп санайды ведомство.