Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. 2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, сыйға тарту немесе кепілге қою мәмілелерін нысан орналасқан аумақта жұмыс істейтін нотариустарда ғана рәсімдеуге болады. Шартты түрде: егер пәтер Алматыда орналасса, мәмілені жергілікті маман рәсімдеуі тиіс, деп жазады tengrinews.kz.
Енді үйінен шықпай-ақ, басқа қаладағы баспанасын сатқысы келетін немесе өзі басқа өңірде тұратын меншік иелері не істемек? Талап неге өзгерді және оның берері не? Tengri Home-ның сұрақтарына Республикалық нотариаттық палата жауап берді.
Жылжымайтын мүлікті нотариус арқылы сату: бұрын қалай болды?
2026 жылғы 8 қыркүйекке дейін жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нысанның орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариуста куәландыруға болатын еді. Оларға мыналар жатады:
- жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату;
- баспананы сыйға тарту;
- айырбастау;
- кепіл;
- жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға немесе кепілге қоюға байланысты басқа да мәмілелер.
Мысалы, пәтер Астанада болса, тараптар Алматыдағы нотариусқа жүгіне алатын. Маман мынадай іс-әрекеттерді орындауы тиіс еді:
- мәмілеге қатысушылардың жеке басын анықтау және әрекетке қабілеттілігін тексеру;
- олардың ерік-жігерін білу;
- жылжымайтын мүліктің сатушыға тиесілі екеніне көз жеткізу;
- құқық белгілейтін құжаттарды, тіркелген құқықтардың, ауыртпалықтардың бар-жоғын және шартты куәландыру үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды тексеру.
Осыдан кейін құжаттар электронды түрде мемлекеттік тіркеуге жіберілетін.
"Бұл ретте экстерриториялық нотариус пен тараптар міндетті түрде әртүрлі қалада болып, қашықтан қатысады дегенді білдірмейтін. Әдеттегі рәсімдеу кезінде сатушы мен сатып алушы таңдалған нотариусқа жеке келетін немесе өкілдері арқылы әрекет ететін. Экстерриториялықтың мәні - нотариустың жылжымайтын мүліктің орналасқан жеріне байланбауында болатын", - деп түсіндірді Республикалық нотариаттық палата өкілдері.
Жылжымайтын мүлік мәмілелеріне қойылатын талап неге өзгерді?
Аумаққа қатысты талап, яғни жылжымайтын мүлік мәмілесін тек жергілікті нотариус жүргізуі тиіс деген ереже бұрын да болған. Кейін, 2021 жылы пандемия мен қозғалыс шектеулеріне байланысты ол жойылды. Алайда кейінгі жылдардағы тәжірибе бұрынғы тәртіпке оралу қажеттігін көрсетті.
"Мәмілелерді куәландыру кезінде ұсынылған құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқасы нотариалдық іс материалдарында қалады. Бұрын нақты бір өңірдегі жылжымайтын мүлік бойынша құжаттар сол өңірдің нотариустарында сақталып, кейін қажет болған жағдайда тиісті нотариалдық, ал содан соң мемлекеттік архивке өткізілетін. Экстерриториялық рәсімдеу бір өңірдегі нысандар бойынша құжаттардың бүкіл елдегі нотариалдық архивтерде шашырап кетуіне әкеп соқты. Сондай-ақ аумақтық тиесілік кейінгі бақылауды жүйелі етеді: мәміле материалдары жылжымайтын мүлік нысаны орналасқан өңірде болады. Жаңа ереже мәмілелерді куәландыру мен материалдарды сақтау орнын ретке келтіруі тиіс", - деп түсіндірді Республикалық нотариаттық палата өкілдері.
Өзгерістің тағы бір себебі - мәмілелердің ауылдық аудандар мен шағын елді мекендерден ағылуы. Бұл жергілікті мамандардың жұмыс көлеміне де әсер етеді. Болашақта бұл нотариат қызметтері қолжетімділігіне кері әсерін тигізуі мүмкін еді.
"Жаңа тәртіп жылжымайтын мүлік операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ алаяқтық схемалар тәуекелін азайтуға бағытталған", - деп толықтырды Әділет министрлігі.
Жылжымайтын мүлікті нотариус арқылы рәсімдеу: енді бұл қалай жұмыс істейді?
Жаңа ереже ҚР "Нотариат туралы" заңының 54-бабында бекітілді. 2026 жылғы 8 шілдедегі № 343-VIII түзетулермен бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылды:
"Тіркелуге тиіс жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару және кепілге қою туралы шартты куәландыру осы мүліктің орналасқан жері бойынша жүргізіледі".
Жылжымайтын мүліктің орналасқан жері енді нотариалдық округ шегінде айқындалатын нотариус қызметінің аумағымен байланысты. Бұл ұғым бір облыс ішіндегі қалалар мен аудандардың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағын білдіреді.
"Сонымен қатар заңның 21-бабына өзгерістер енгізілді. Енді 54-бап нотариус өз қызметінің аумақтық шекарасын сақтауға міндетті нотариалдық іс-әрекеттер тізбесіне тікелей енгізілді. Егер мұндай нотариалдық іс-әрекет нотариалдық кеңседен тыс жерде жасалса, нотариус өз нотариалдық округі шегінде ғана шығуға құқылы", - деп хабарлады палата.
Егер шартты түрде пәтер Астанада орналасса, онда оны сату, сыйға тарту немесе кепілге қою шартын елордалық нотариус куәландыруы тиіс. Егер нысан Алматы облысында орналасса, Алматы облысының белгілі бір ауданының немесе қаласының (мысалы, Қонаев қаласының немесе Талғар ауданының) нотариусын тарту қажет. Бұл ретте қазақстандықтардың таңдау құқығы сақталады: олар мәміле жасасу үшін тиісті нотариалдық округтің кез келген маманын таңдай алады.
Сатушы Алматыда, пәтер Астанада. Енді меншік иесі баспанасын қалай сата алады?
Бұл жағдайда сатылатын тұрғын үйдің иесі Астанаға өзі бара алады немесе Алматыда өкіліне нотариалды сенімхат рәсімдей алады, ол өкіл оның атынан елордадағы нотариуста жасалатын мәмілеге қатысады.
"Сенімхатты басқа қалаға жедел жеткізу үшін заңнамада қағаз және электрондық құжаттардың тең түпнұсқалылығын куәландыру қарастырылған. "Нотариат туралы" заңның 99-1-бабына сәйкес, нотариус электрондық құжат дайындап, оның мазмұнының ұсынылған қағаз құжатқа сәйкестігін растай алады. Мұндай электрондық құжаттың заңдық күші нотариус куәландырған қағаз түпнұсқамен бірдей болады. Заңның 99-2-бабы нотариусқа мазмұны ұсынылған электрондық құжатқа сәйкес келетін қағаз құжатты дайындауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді палата өкілдері.
Тәжірибеде бұл былай болады:
- Меншік иесі Алматыдағы нотариусқа жүгініп, пәтерді сатуға сенімхат рәсімдейді.
- Нотариус нотариалды куәландырылған сенімхаттың электрондық нұсқасын жасап, оның қағаз құжатпен тең түпнұсқалылығын куәландырады.
- Электрондық құжат қорғалған арналар арқылы Астанадағы нотариусқа жіберіледі.
- Қажет болған жағдайда Астанадағы нотариус алынған электрондық құжатқа тең қағаз құжатты дайындайды.
- Меншік иесінің өкілі осы сенімхат негізінде Астанадағы нотариуста шартты куәландыруға қатысады.
"Бұл жерде мәселе электрондық пошта арқылы сканерленген көшірмені жіберу салу туралы болып отырған жоқ. Тең түпнұсқалылықты нотариус куәландырады, сондықтан дайындалған электрондық құжат қағаз тасығыштағы құжатпен бірдей заңдық күшке ие болады", - деп нақтылады нотариалдық палата.
Сенімхатта мыналарды көрсету қажет:
- жылжымайтын мүлік нысаны;
- өкілдің өкілеттіктері: шартты жасау және оған қол қою, оның бағасы мен шарттарын келісу, құжаттарды мемлекеттік тіркеуге ұсыну, ал қажет болған жағдайда - сатудан түскен ақшаны алу құқығы;
- сенімхаттың қолданылу мерзімі.
Қысқасы, үй иесіне Астанаға жеке барудың қажеті жоқ. Ол сенімхатты Алматыда рәсімдей алады, ал нотариус мәміле жасау үшін оны Астанадағы маманға өзі жібереді.


