​Енді туу туралы куәлікке Telegram арқылы тапсырыс беруге болады

0
1 489

EgovKzBot телеграмм-боты арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тізімі тағы екі қызметке толықты.


​Енді туу туралы куәлікке Telegram арқылы тапсырыс беруге болады

ERNUR.KZ. EgovKzBot телеграмм-боты арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тізімі тағы екі қызметке толықты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ іске қосқан бот арқылы бұған дейін 13 мемлекеттік қызмет пен сервис көрсетілетін. Оның ішінде кең таралған қызмет түрі жетеу болатын. Олар – анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО) кезекті брондау қызметтері.

Енді бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан ХҚО туралы біліп, сондай-ақ бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі туды. Басқаша айтқанда, туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті.

Айта кетейік, телеграм-бот арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек.

Сосын алдын-ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған.

eGov.kz порталының мамырда іске қосылған телеграм-боты арқылы қазақстандықтар шамамен 14 мыңдай мемлекеттік қызмет алды.