Енді уақытша баспанада тұруға рұқсат берілмеуі мүмкін

0
1 017

Министр үкіметке уақытша баспананы тұрғын үй ретінде пайдаланбау туралы ұсынысты енгізбек.


Енді уақытша баспанада тұруға рұқсат берілмеуі мүмкін

ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин алдағы уақытта уақытша баспанада тұруға рұқсат берілмеуі мүмкін екенін мәлім етті, деп жазады baq.kz.

«Өкінішке қарай, жұмысына ат үсті қарайтын құрылыс компаниялары бар. Оның ішіне жеке тұрғын секторында үй тұрғызатындар да бар. Олар өздеріне тиесілі жерде уақытша баспана салады да, оны тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жалға беріп қояды», - деді ол Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігіне екі жақта жауапты болуы шарт.

«Бұл жерде екі жақтан да жауапкершілік болу керек. Яғни уақытша баспана салатындар мен оны өрт қауіпсіздігін сақтамай жалға беретіндер. Өрт шыққан кезде қылмыстық жауапкершілік көзделеді», - деді министрдің орынбасары.

Осы орайда Юрий Ильин Үкіметке уақытша баспананы (времянка – автор) пайдаланбау туралы ұсынысты енгізетінін айтты.

«Қазіргі таңда біз республикадағы жағдай талдау жүргіземіз. Үкіметке уақытша баспананы тұрғын үй ретінде пайдаланбау туралы ұсынысты енгіземіз», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Айта кетейік, 4-ақпанда Астанадағы Көктал тұрғын үй алабындағы уақытша баспана өртеніп, 5 бала көз жұмды. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өрттің неден шыққанын мәлімдеген. Ал Елбасы мен Үкімет басшысының 5 баласынан айырылған отбасы көңіл айтқан.

Кейін әлеуметтік желіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың жұмысына қатысты сын айтылды.

Бүгін аталған сынға министр жауап берді. Сонымен қатар бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларын сынға алып, өрт қауіпсіздігіне жауапты бірқатар шенеунікке сөгіс жариялағанын жазғанбыз.