Энергетика министрлігі келесі жылыту маусымына дайындықты бастады

0
205

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында еліміздегі ЖЭО жөндеу кестесі бекітілді.


Энергетика министрлігі келесі жылыту маусымына дайындықты бастады

ERNUR.KZ. Алдағы жылдың жоспарына сәйкес, 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған құрылғылар да назардан тыс қалмайды. Мәселен, қазірдің өзінде 4 турбина, 13 қазандық пен 3 энергоблокта жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл процесс министрліктің қатаң бақылауында.

«Бұл жобаларды іске асырудың өз жолдары бар. Негізгісі – тариф арқылы болса, кейбір мемлекеттік меншіктегі ЖЭО бюджеттен де қаражат беріліп жатыр. Желтоқсан айында қабылданған Ұлттық жоба арқасында электр желілеріне алдымыздағы 5 жылда 2,7 трлн қаражат бөлу жоспарланып отыр. 77 мың шақырымнан астам электр желілері мен оның ішінде, қосалқы станциялардың жөндеуі бар. Жылу желілеріне 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлініп, 1,6 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу бар. Оның ішінде осы Ұлттық жобада генерацияның да 29 жобасы кіріп отыр. 7 мың МВт-тан астам жаңа қуаттар енгізіледі», – деді вице-министр.

Осының негізінде ЖЭО-ның тозу деңгейі 40-45%-ға азайтылады. 2025 жылы 600 МВт-қа жуық жаңа энергоқуаттар іске қосылады. Мысалы, Топар электр станциясында 130 МВт турбина іске қосылып жатыр. Текелі қаласындағы энергостанцияда жаңа қуаттар енгізіледі. Жаңартылған энергия көздерінен 400 МВт-тан астам жаңа қуат пайда болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 жылдың ішінде 3 мың МВт-қа жуық жаңа энергия көздері іске қосылуы керек. Осы орайда 2026 жылы Алматы қаласының 2 ЖЭО, Түркістан қаласындағы ірі жоба, Қызылорда қаласындағы жаңа бу-газ қондырғысы қолданысқа беріледі.

Энергетика министрлігі 2027-28 жылдарға арналған жоспарлар да құрды. Ведомство тиісті инвестициялық шарттарға қол қойды. Жамбыл электр станциясында 200 МВт, Екібастұз-2 станциясында 3 блок қосылып, 550 МВт электр қуаты енгізіледі.