Министрлік өкілдері ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге, энергетикалық сусындардың зияны туралы түсіндіруге және салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетуге шақырды.
Фото: Pexels
ERNUR.KZ. 2025 жылдың қаңтарынан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға қатаң тыйым салынады, деп жазады inform.kz.
- Бұл қадам өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын қорғау, семіздік пен жұқпалы емес аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынды, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің үндеуінде.
Ведомствоға қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың дерегінше, күн сайын 14-16 жастағы жеткіншектер энергетикалық сусындарды емін-еркін сатып алып жатыр.
- Көп жағдайда сатушылардың өздері заң талаптарын сақтамайды. Барлық сауда нүктелерінің иелеріне заңды қатаң орындауға шақырамыз: энергетикалық сусындар дүкенде де, автоматтарда да, интернет арқылы да 21 жасқа дейінгілерге сатылмауы тиіс. Әрбір сауда кезінде сатып алушының жасын растайтын құжат тексерілуі керек, – деді ол.
Сондай-ақ сауда орындарында келесі мазмұндағы ескерту жазбасы көзге бірден түсетін жерге қойылуы тиіс: «Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі тұлғаларға сатуға тыйым салынады».
Министрлік өкілдері ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге, энергетикалық сусындардың зияны туралы түсіндіруге және салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетуге шақырды.
«Балалардың не сатып алып жүргеніне қызығушылық танытып, олардың денсаулығына бейжай қарамау аса маңызды», – делінген үндеуде.
Айта кетейік, бұған дейін энергетикалық сусындарды сатуға лицензия беру керек пе деген сауал талқыға түскен.