"Ескі көліктердің VIN-кодын берген": Алматыда қылмыстық топтың 17 мүшесі сотталды

0
124

Заңсыз схемаға полицейлер, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан.


фото: sputnik.kz.

ERNUR.KZ. Алматы облысында 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеген ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі сотталды, деп жазады sputnik.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ екі жыл ішінде көліктерді тіркеу және кәдеге жарату алымдарын төлемеу арқылы 6,6 млрд теңге көлемінде табыс тапқан.
Бастапқыда 642 жүк көлігі заңсыз тіркелген. Кейін қылмыстық топ жеңіл көліктерді де заңсыз тіркеу арқылы пайда тапқан. Ол үшін Қазақстанға заңсыз әкелінген көліктерге ескі көліктердің VIN-кодтары берілген. Осылайша, 209 жеңіл көлік бойынша тіркеу және кәдеге жарату алымдары төленбеген.
"Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізіп, жалған тұлғалардың атына сенімхаттар рәсімдеген", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Сот қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алған бес автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Ал нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.