1995-1997 жылдары Серік Сәрсембайұлы Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды.
фото: Қазақстан футбол федерациясы
ERNUR.KZ. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын 1995-1997 жылдары басқарған Серік Бердалин 79 жасында дүниеден озды, деп жазады sputnik.kz.
Қарағанды футболының түлегі, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Бердалин "Шахтёр" және "Металлург/Строитель" командаларында ойнаған. Спорттық карьерасын аяқтаған соң "Шахтёр", "Ертіс" және "Жетісу" сынды бірқатар қазақстандық клубта бапкерлік әрі басшылық қызмет атқарды. Серік Бердалиннің жетекшілігімен "Шахтёр" (1995) мен "Ертіс" (1998) Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
"1995-1997 жылдары Серік Сәрсембайұлы Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды, ал 2003-2008 жылдары Қазақстанның Туризм және спорт агенттігінде футбол бойынша мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды", - деп жазылған хабарламада.
Серік Бердалин – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері, сондай-ақ 1995 жылғы елдің үздік футбол жаттықтырушысы атағының иегері.
Қазақстан футбол федерациясы Серік Бердалиннің дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстарына және жақындарына қайғырып көңіл айтты.


