Ереуілдің ең үлкен әсері Брюссельдегі Завентем әуежайына тиеді деп күтіледі.
Фото: skeyes.be
ERNUR.KZ. 23 қарашада Бельгия әуежайларындағы барлық тұрақты рейс тоқтатылады. Бұған премьер-министр Барт Де Вевер үкіметінің саясатына қарсы ұйымдастырылған кезекті жалпыұлттық ереуіл себеп болды, деп жазады inform.kz.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін әуе қозғалысының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мүмкін болмайды.
– Осы уақыт аралығында тек шұғыл және ұшу қауіпсіздігі үшін аса маңызды рейстерге қызмет көрсетіледі. Әуе компаниялары жолаушыларды рейстердің тоқтатылғаны, билеттерді қайта брондау немесе қаражатты қайтару мүмкіндіктері туралы өздері хабардар етуге міндетті, – делінген ақпаратта.
Ереуілдің ең үлкен әсері Брюссельдегі Завентем әуежайына тиеді деп күтіледі. Әуежай 429 рейс арқылы шамамен 59 500-60 000 жолаушыға қызмет көрсетуді жоспарлаған.
Оның ішінде 213 рейспен 28 мыңға жуық жолаушы ұшып шығуы, ал 216 рейспен 31,5 мың адам келуі тиіс болған. Аталған рейстердің басым бөлігі тоқтатылды.
Елдегі екінші ірі әуежай – Шарлеруа (Brussels South) 23 қарашада жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім сағат 07:00-ге дейінгі және 21:00-ден кейінгі рейстерге де қатысты.
Жолаушыларға әуе компаниясынан рейстің мәртебесі туралы нақты растау алмайынша әуежайға келмеу ұсынылды.
Авиация саласының бірлестіктері бұл шешімді шамадан тыс шара деп бағалап, ескертудің кеш, яғни сенбі күні ғана жасалғанын сынға алды.
Ереуіл қоғамдық көлік қозғалысына да әсер етеді. De Lijn операторының автобустары мен трамвайларының шамамен 40%-ы бағыттарға шықпайды. Брюссельдегі MIVB қоғамдық көлік жүйесінде де елеулі іркілістер күтіледі.
Ал алдын ала мәлімет бойынша, NMBS теміржол компаниясының пойыздары қалыпты кесте бойынша қатынайды.
Бельгия кәсіподақтары қазіргі үкімет құрылғаннан бері кемінде 11-ші ірі наразылық акциясын ұйымдастырып отыр.
Наразылыққа қатысушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де Брюссельдің Солтүстік вокзалы маңына жиналады. Шеру сағат 11:00 шамасында басталып, Оңтүстік вокзалға қарай бағытталады.


