Соңғы мәліметтер бойынша, Израиль әскері Газаны толығымен қоршап, екіге бөліп тастаған.
ERNUR.KZ. Израиль Сыртқы істер министрлігі Еуразия және Балқан мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Симона Гальперин Газада қалған 76 қазақстандықтың аман-есен оралуы Мысыр билігі мен ХАМАС-тың әрекетіне байланысты екенін айтты, деп жазады inform.kz.
«Газада қалған қазақстандықтар да сондағы бірнеше мың шетелдік сияқты жағдайда. Біз Қазақстан тарапынан да өзге түрлі елдер сияқты сондағы азаматтарының тізімін алдық. Израиль тарапы олардың Газадан шығуына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Керісінше қолдаймыз, мүмкін болғанша Газадан шығуына күш саламыз. Проблема қайда? Біріншіден, Мысыр арқылы шығу керек еді. Мысырлықтар шетелдіктердің Газадан өз шекарасы арқылы шығуына өткен аптада ғана рұқсат бере бастады. Үш апта бойы ондайға рұқсат берген жоқ. Қазір рұқсат бергенімен, күн сайын шығатын адам санын шектеп отыр. Әр күн сайын 500-600 адамнан аспай тұр. Газада шамамен 7 мың шетелдік болса, күн сайын 500 адам дегенде, бәрінің шығуы үшін 2 аптадай уақыт кетеуі мүмкін. Ол жақта кезек қалай құрылып, қалай шығарылып жатқанын білмеймін. Бірақ біз бүкіл тізімді бердік», - деді Израиль СІМ өкілі Таяу Шығыстағы аухал туралы брифингіде.
Сондай-ақ ол ХАМАС-тың шетелдіктерді де тірі қалқан ретінде ұстап отырғанын айтты.
«Алдыңғы күні және кеше не болды? Бұлкүндері ХАМАС тұтқындағылардың шығуына рұқсат бермеді. Өздеріңіз білесіздер, ол жерде израильдіктер ғана емес, палестиндіктер де кепілдікте отыр. Енді сондағы шетелдіктерді жібергісі келмей отыр. Сондықтан Израиль тарапынан шектеу немесе проблема жоқ. Бізге әскери операция жүріп жатқан Газадан бейбіт азаматтар неғұрлым көбірек шығып, ХАМАС қана қалғаны керек», - деді Симона Гальперин.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Газа секторында қазір Қазақстанның 76 азаматы бар.
«Біздің деректеріміз бойынша Газа секторында Қазақстан Республикасының 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен қоса есептегенде олардың саны – 161. Сонымен қатар шетелдік азаматтардың шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі талаптар бар. Олардың үштен бірі эвакуациялауға келмейді. Олар кәмелетке толғандар, ерлі-зайыптылар», - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салсақ, Газа секторындағы палестиналық радикалдар Израиль аумағына зымыран атқылап, Израильдің орталығы мен оңтүстігінде ерекше жағдай енгізілген еді.
Соңғы мәліметтер бойынша, Израиль әскері Газаны толығымен қоршап, екіге бөліп тастаған.