Интернет-алаяқтар Қарағанды ​тұрғынының атына 12 онлайн-несие рәсімдеген

0
631

Қарыздың жалпы сомасы 740 мың теңге, жылдық пайызын есептегенде миллионнан асады.


Интернет-алаяқтар Қарағанды ​тұрғынының атына 12 онлайн-несие рәсімдеген

ERNUR.KZ. Интернет-алаяқтар Қарағанды қаласының тұрғыны Антонина Надежкинаның атына бір жылға жуық уақыт ішінде 12 онлайн-несие рәсімдеген, деп жазады Stan.kz.

Антонина Надежкинаның өзі қара тізімге қалай кіріп кеткенін білмейді. Ол осы уақытқа дейін берешек уақытын кешіктірмей төлеп келген. Бірақ, былтыр оған алғаш рет микрокредиттік ұйымнан хабарласып, несие мерзімін кешіктіргенін айтып хабарласқан. Осыдан кейін қоңыраулар жиі келетін болған, қазір тіпті коллекторлар хабарласады екен. Қазір әйелдің атында 12 онлайн кредит бар. Оның үшеуі соңғы аптада алынған.

"Бұл сұмдық қой. Денсаулығым да керемет емес, дәрілер сатып алу керек. Ал енді мына мәселені шешу үшін менің қанша ақша жұмсап жатқаныымды білсеңіздер ғой. Мұндай жағдайға тап болған мен ғана ма, олай болуы мүмкін емес. Телевизордан, басқа жерден көретін едім, адамдар шынымен қақпанға түсіп, пәтерлерінен айырылып, қаңғыбас болып кететінін", - дейді Антонина Надежкина.

Несиелерді әртүрлі микрокредиттік ұйымдар берген. Қарыздың жалпы сомасы 740 мың теңге, жылдық пайызын есептегенде миллионнан асады.

Әйелдің айтуынша, оның өмірі сотқа арыз жазумен өтіп жатыр. Антонина несиелердің ЖСН нөмірі бойынша берілгенін анықтады. Ол полицияға шағымданды, қылмыстық іс қозғалды.

Адвокаттың айтуынша, қазір мұндай жағдайға екінің бірі тап болуы мүмкін.

"Бәрін анықтау керек, қайда, кімнен, қанша алынды. Аталған келісім-шарт дұрыс еместігі туралы азаматтық тәртіп бойынша сотқа жүгіну керек", - деді Илья Махлов.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары алаяқтардың құрбаны болғандар саны күрт өскен. Жәбірленушілердің арасында құжаттарын жоғалтқандар мен белгісіз сілтемеге өтіп, жеке мәліметтерін берген азаматтар бар.

"Уақытылы шара қолдану үшін кредиттік тарихыңызды үнемі бақылап отыруды, кредиттік бюроға жүгінуді ұсынамыз", - деді қаржылық реттеу агенттігі өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Анна Ридель.

Бұл әрекеттерден микроқаржылық ұйымдар да зардап шегеді. Себебі, олар қарыз сомасын өздері төлеуіне тура келеді.

"Агенттікке клиентке несие бермей тұрып тексеруді қатаңдатуды ұсындық, ол хабарласу, суретін, жеке куәлігін бекіту түрінде", - деді Қазақстанның микрокаржылық ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омарханов.

Кейбір жәбірленушілер кредиттік тарихы бұзылмауы үшін өзге біреудің алған несиесін төлеп жатыр. Мамандар олай жасамауға кеңес береді, себебі ақша төлей отырып, адам қарыз алғанын растайды. Сондай-ақ, жеке деректерге мұқият болып, оларды таратпау ұсынылады.