Ішкі істер министрлігінде 450 басшы қызметінен қысқартылатын болды

0
1 676

БҰҰ кеңесі бойынша 100 мың тұрғынға 300 полицейден келетін норма ұсынылады.


Ішкі істер министрлігінде 450 басшы қызметінен қысқартылатын болды

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігінің штаты 10 пайызға азайып, 450 басшы қызметінен қысқартылады. Бұл туралы Сенаттағы парламенттік тыңдалымда ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Штатты қысқарту 2018-2021 жылдары ішкі істер органдарын модернизациялау бойынша жол картасының жобасымен қарастырылған.

«Штат құрамының 10 пайызы қысқартылады. Аталған жұмыс барысында басы артық басқару сатылары ғана қысқарып, тергеушілер, учаскелік полицейлер, оперативтік полиция қызметкерлері қысқармайды. Министрліктің орталық аппараты, оның ведомстволары және аймақтық полиция органдарының аппараттарында шамамен 450 басшыны қысқарту жоспарланып отыр», – дейді министр.

Министрдің айтуынша, штатты қысқарту нәтижесінде еңбекақыны төлеу қоры бойынша шығындарды оңтайландыру 16 миллиард теңгені құрайды. Ал аталған қаржы қалған полицейлердің жалақысын арттыруға жұмсалады.

«БҰҰ кеңесі бойынша 100 мың тұрғынға 300 полицейден келетін норма ұсынылады. Мұндай шара мемлекеттердің полицейлер саны бойынша рейтингінде Қазақстанның позициясын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде 100 мың тұрғынға 471 полицейден келеді. Қысқартудан кейін, 100 мың адамға 424 полиция қызметкерінен келетін болады. Біз еуропалық нормаларға жақындап келеміз», – дейді ІІМ Қалмұханбет Қасымов.