Перизат Қайрат белгіленген карантиннен өтеді.
Фото: Instagram/01pk
ERNUR.KZ. Сотталушы Перизат Қайраттың жұмысқа орналасу мәселесі бос жұмыс орнының болуына және оның кәсіби дағдысына байланысты шешіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары — Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков айтты, деп жазады inform.kz.
— Оның қабілетін тексеріп, мекемедегі бос жұмыс орнының болуын қараймыз. Егер ол сол талаптарға сай келсе, онда сотталушыны жұмысқа орналастыра аламыз, — деді министр орынбасары.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат белгіленген карантиннен өтеді.
— Мекемеге келгеннен кейін оның қабілетін зерделейміз. Қай бөлімде бос жұмыс орны болса, соны ұсына аламыз. Тігін өндірісімен айналыса алады немесе мекеме ішіндегі шаруашылық бөлімде басқа да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, — деп түсіндірді Абай Қайырбеков.
Министр орынбасарының атап өтуінше, сотталушылардың жалақы мөлшері атқарған жұмыс көлеміне байланысты болады.
— Сотталушы ең төменгі жалақы алатыны анық, — деді министр орынбасары.
Еске салсақ, шілде айында Елорда соты «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарған еді. Сот үкімінде Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ал тамыз айында адвокат Перизат Қайрат пен оның анасын ақтауды талап етіп, сотқа шағым түсірді.
Қыркүйекте сотталғандардың адвокатының апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалғаны белгілі болды.