Көліктің әбден тозығы жеткені сондай, едені екіге айырылып кеткен.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен видео Ақтөбе мен Хромтау арасына қатынап жүрген автобуста түсірілген. Қоғамдық көліктің сау тамтығы жоқ, деп жазады inbusiness.kz.
Сол сәтте көлікте болған жолаушылар жол бойы тарсылдап, шоқалақтан өткен сәтте, автобус екіге қақ айрылғандай күй кешкендерін жазыпты. Ескі-құсқы автобустың төсеніші жыртылып, құрылғылары көнергені байқалады. Бейнежазбаны көргендер осы оқиғадан кейін жауапты мекемелер қала арасында қатынайтын автобустарды қатаң бақылауға алу керектігін айтты. Оларды техникалық байқаудан жіті тексеру қажеттігін жазды. Ақтөбе облыстық әкімдігі видеодағы автобусты рейстен алып тастағандарын айтты.
"Хромтау бағытында қиын жағдай туындап тұр. Тасымалмен "Керуен" ЖШС-і 2013 жылдан бері айналысып келеді. Автобустарының бәрі 1989-1990 жылғы көліктер. 8 автобусы бар. Күнделікті 10-12 рейс жасау керек болса, ол күніне 3-6 рет қатынайды. Қиын жағдай туындаған соң, тамыз айында "Қала транс" мекемесінен қосымша 5 автобус желіге шығардық. Бұл жерде жолдың жағдайын да ескерген жөн. Болған жағдайда байланысты өз тарапымыздан шара қолданамыз. Ескі көлікті алып тастап, орнына басқасын шығарамыз",- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Есбол Базарғалиев.
Көліктері ескі-құсқы "Керуен" ЖШС Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы автобус алуға бір жыл бұрын сұраныс беріпті. "Ақтөбе" ӘКК-і арқылы кепілдік алса, 10 автобус сатып алынады.
Ақтөбе облысы бойынша жолаушылар көлігі ауданаралық қатынаста 11 бағыт бойынша ұйымдастырылған. Ақтөбеден Хромтау, Қобда, Мәртөк, Алға бағытында автобустар қатынап жүр.