Қалалар мен ауылдарда сұранысы жоғары 15 мамандық іріктеп алынды

0
974

Осы мамандықтар бойынша 2019-2020 оқу жылында резидентураға мемлекеттік грант бөлу жоспарланбақ.


Қалалар мен ауылдарда сұранысы жоғары 15 мамандық іріктеп алынды

ERNUR.KZ. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаменті резидентура және докторантура мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттардың әдістемесін ұсынды. Құжатқа сәйкес, өңірлердегі медициналық кадрға деген сұранысқа байланысты мамандықтарды ранжирлеу жүргізілді, деп жазады inbusiness.kz.

Нәтижесінде қалалар мен ауылдарда сұранысы жоғары 15 мамандық іріктеп алынған. Осы мамандықтар бойынша 2019-2020 оқу жылында резидентураға мемлекеттік грант бөлу жоспарланбақ.

«2019 жылдан бастап резидентура мамандықтарының тізімі денсаулық сақтау жүйесінің талаптары мен қажеттілігіне қарай толықтырылды. Мәселен, резидентурада «Отбасылық медицина» атты жаңа мамандық ашылды. МӘМС енгізілгеннен кейін, МСАК жүйесі бойынша кәсіпаралық команданың орнын отбасылық дәрігер алмастыруға тиіс. Бұл мамандардың міндеті мен жалақысына да әсер етеді. Отбасылық дәрігер кез келген жастағы және кез келген пациентке жедел, сапалы медициналық көмек көрсетеді»,– делінген ДСМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ересектер мен балалар психиатриясы біріктірілді.

Халықаралық практикаға сәйкес резидентура мамандықтарының тізбесіне «Неврология, оның ішінде балалар неврологиясы» енгізілген. Егде жастағы адамдар, бұрын жол-көлік оқиғасы мен апаттан зардап шеккен азаматтар, орталық және перифериялық нерв жүйесі ауруына шалдыққан балалар мен жасөспірімдер осындай білікті дәрігердің көмегіне мұқтаж. Резидентурада оқыған дәрігер болашақта клиникалық докторантурада ғылыммен айналыса алады.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша 006 республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде 2019-2020 оқу жылына арналған резидентура және докторантура мамандықтары бойынша мемлекеттік грант әдістемесін бекіту туралы шешім қабылданды.