Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайы полиция бөлімінің бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

0
567

Ол 4 қаңтарда ЖПБ-ның жеке құрамына ғимаратты тастап шығуға бұйрық берген.


Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайы полиция бөлімінің бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің басшысы сотталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімі бойынша Алматы қаласы халықаралық әуежайының Желілік полиция бөлімінің (ЖПБ) басшысы Т. билік және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп табылды.

«2022 жылғы 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні Алматы қаласында мемлекеттік билік органдарының ғимараттары басып алынды, құқық қорғау органдарының ғимараттары мен басқа да нысандарын басып алуға әрекет жасалды. Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша ПД басшысы арнайы жедел жоспар енгізді. Алматы қаласы халықаралық әуежайының ЖПБ басшысы 2022 жылғы 5 қаңтарда сағат 16.09-да қорғаныс жөнінде бұйрық алды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың Алматы қаласының әуежайына қарай бағыт алуы туралы қолда бар ақпаратқа және қорғаныс туралы бұйрыққа қарамастан, Т. Алматы қаласының халыақаралық әуежайында қызмет көрсетілетін нысанда ЖПБ ғимаратын қорғауды, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырған жоқ», - делінген Алматы соттарының хабарламасында.

Сол күні сағат 18.00-19.00 аралығында жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар әуежай ғимаратына шабуыл жасау мақсатында әуежайдың кіреберіс бөлігіне қарама-қарсы бетте топтаса бстаған.

«Т. хабарланған арнайы жоспарға қарамастан, ЖПБ-ның жеке құрамына азаматтық киімді ауыстырып киюге, ЖПБ ғимаратында ертеректе алынған арнайы құралдарды қалдыруға, әкімшілік ғимараттан кетуге және әуежайға қарай бағыт алуға бұйрық берді және өзінің қызметтік кабинетін тастап кетті. Соның салдарынан ЖПБ-ның әкімшілік ғимараты күзетсіз және қорғаныссыз қалды, жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар ЖПБ ғимаратын еш кедергісіз басып алды, әртүрлі арнайы құралмен қаруланып, әуежай ғимаратына басқыншылық жасады, жолаушыларға шынайы қауіп төндірді, әуежайдың автокөлік құралдарын ұрлап айдап кетті, әуе кемелерінің әуежайға қонуына және ұшуына жол бермеу мақсатында ұшу алабының электр қуатын сөндірді, сондай-ақ осы уақытта аспанда болған және Алматы қаласының әуежайындағы қону орнына ұшқан әке кемелеріне қауіп төндірді. Әуежай ғимаратында 200-300-ге жуық адам жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес субъектілерінің мүлкін ұрлап, қиратып, өртеп жіберді», - делінген сот хабарламасында.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан 2022 жылғы 5-12 қаңтар аралығында әуежай қызметі тұралап қалды. ЖПБ-ға келтірілген материалдық залал сомасы 2 168 726 теңгені құрады, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ға 313 850 654 теңге, «AirAstana» АҚ-ға 5 617 251 теңге, шағын және орта бизнеске жалпы сомасы 414 113 533 теңге залал келтірілді.

Айыпкер кінәсін мойындамады, қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды өтінді.

Прокурор айыпкерді кінәлі деп тануды және құқық қорғау органдарында 9 (тоғыз) жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен Т. ҚК-нің 362-бабының 4-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 5 жыл мерзімге лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.

Т. «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды.

Іс бойынша азаматтық талап қозғалған жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ.