"Қара бүркітке" емес: Сұлтан Сәрсемалиев Жезқазғандағы №62 колонияға этаппен жеткізілді

0
84

Қазір дәл осы колония өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды ұстауға бейімделіп жатыр.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемалиев 19 қыркүйекте басқа мекемеге этаппен жеткізілді, деп жазады stan.kz.

Қазір дәл осы колония өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды ұстауға бейімделіп жатыр.

Сәрсемалиевке үкім 14 шілдеде шыққан. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырған. Ол жазасын ерекше қауіпсіздік режиміндегі колонияда өтейді. Сотталған адам үкімге шағым түсірмеген. Осыған байланысты үкім 3 қыркүйекте заңды күшіне енді.

№62 мекеме Жезқазғанның өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Ол Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайды.

Бұған дейін мекеме аралас қауіпсіздік режиміндегі колония мәртебесінде болған. Алайда 2026 жылы оның бағыты өзгертілетіні белгілі болды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өмір бойына сотталған адамдарды орналастыруға қосымша орын қажет болғандықтан осындай шешім қабылдаған.

Осы мақсатта колонияда жөндеу жұмыстары жүріп, ғимараттар қайта жабдықтала бастаған. Белгілі бір мерзімге сотталғандарды басқа мекемелерге кезең-кезеңімен ауыстырып, олардың орынын өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға босату жоспарланған.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №62 мекемесінде қанша адам отырғаны және ол жерге тағы кімдердің жеткізілгені туралы ақпарат бермеді.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Кейін тұтас бір отбасыны өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталған еді.