Қарағанды оқушылары жел станциясы жобасын АҚШ-та өтетін байқауда көрсетеді

0
384

Massachusetts FIRST LEGO League халықаралық чемпионаты маусым айының ортасында Американың жоғары оқу орны Worcester Polytechnic Insitute базасында өтеді.


Қарағанды оқушылары жел станциясы жобасын АҚШ-та өтетін байқауда көрсетеді

ERNUR.KZ. Оған Қарағанды мамандандырылған "Мұрагер" мектеп-интернатының "JelToqSun" командасы өз жобасын ұсынбақ, деп жазады zakon.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оқушылар робототехника және бағдарламалау дағдылары ғана емес инновациялық жобалар байқауында да бақ сынайды. Топ мүшелері энергия тақырыбының өзекті мәселелерінің инженерлік шешімін тапты. Олардың жел электр станциясы қолданысқа енсе өндіріс, шаруашылық үшін тиімді болмақ.

"Біздің инновациялық генераторымыз қазақтың киіз үйі іспетті. Конус пішінінің арқасында желді жан-жақтан ұстайды. Ауылдық жерде, әсіресе елдің солтүстігінде қатты жел тұрса ескі магистральдық желілер істен шығып қалады. Ал біздің жоба сол табиғи құбылысты пайдалы механизмге пайдалану. Бұл жобаны бұрыннан бар көп жүзді ротордың негізінде жасадық. Бізде «жел диірменінің» бірнеше нұсқасы болды, төртбұрышты, дөңгелек олардың барлығын тәжірибеден өткіздік. Оның тиімділігін желдің жылдамдығына байланысты қозғалысына қарай есептедік" - дейді команда инженері Санжар Сәрсембаев.
Айта кетері, оқушылар өз жобасын жергілікті металлургия кәсіпорнының инженерлеріне таныстырған. Мемлекеттік университеттердің ғалым, докторлары бұл жобаға оң баға берген.

Енді оқушылар жұмысын Massachusetts FIRST Lego League халықаралық чемпионатында қорғайды. Оқушылар АҚШ-қа жолдаманы Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен Central Asia FIRST LEGO League Championship робототехника сайысында жеңіп алған.