Қарағандыда автобус есігі әйел адамның басына құлап кеткен

0
973

Соққының салдарынан зардап шеккен әйелдің басында гематома пайда болған.


Қарағандыда автобус есігі әйел адамның басына құлап кеткен

ERNUR.KZ. 20 тамызда Абай ауданы Топар ауылының 56 жастағы тұрғыны автобусқа мініп бара жатып басын жарақаттаған. Әйел адамның басына автобус есігі құлап кеткен, - деп жазады Tengrinews.kz.

Металл есік басына тиген кезде Татьяна Мисак артқа қарай құлаған. Куәгерлер мен рейс автобусының жүргізушісі айналасына жинала қалған.

"Оқиға таңғы 07:23-те болды. Билетім де сақтаулы. Өз автобусымды күтіп отырғанмын, отырғызу уақыты келгенде сол маңға бардым. Есік ашылып жатты да, маған қарай құлады. Қашуға тырысқаныммен, үлгермедім. Салдарынан қатты соққы тиді. Біреу жедел жәрдем шақырды, жүргізуші жанымды жүгіріп жүр, сөйтіп, мені ауруханаға жатқызды. Қазір Топар ауруханасындамын. Бүгін полиция қызметкері келіп, түсініктеме алып кетті", - деді Татьяна.

Соққының салдарынан зардап шеккен әйелдің басында гематома пайда болған. Басында басы айналып, жүрегі айныған. Қазір әйел адамның жағдайы жақсырақ, бірақ ауруханадан шығуға әлі ерте. Татьянаның айтуынша, дәрігерлер жабық бассүйек-ми жарақаты диагнозын қойған.

"Мұндай автобусты рейске қойған автопарктің жазаланғанын қалаймын. Менің орнымды кішкентай бала болуы мүмкін еді ғой, ол мұндай соққыдан өліп кетер еді. Автопарк пен жүргізушілер автобустың техникалық жағдайын неге қарамайды? Солардың кесірінен біз зардап шегеміз. Қазір, міне, ауруханадамын, жұмыс істей алмай жүрмін. Денсаулығым мен жалақымның орнын кім толтырады? Менің жағдайымды білген адамдар келесі жолы сақ болғандарын қалаймын", - деді зардап шегуші.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі пациенттің жағдайы туралы пікір білдірді. Дәрігерлердің айтуынша, әйел басынан жарақат алған, самайындағы жеңіл тін жараланған және жабық бассүйек-ми зақымы келген. Қарағандының № 3 автопаркі бұл жағдайды міндетті түрде тексеретіндерін айтты. Егер олардың кінәлары дәлелденсе, зардап шеккен әйелге толық көмек көрсетеді.

"Бұл жағдайды тексереміз. Жолаушыға заң бойынша қарастырылған сақтандыру төлемақысын міндетті түрде береміз. Бізде барлық жолаушы сақтандырылған. Егер кінәміз дәлелденсе, барлық шараны қолданып, моральдық және материалдық шығынды өтейміз. Бірақ бәрі заң аясында болуы керек", - деді автопарк директоры Артур Григорян.

Сондай-ақ ол барлық көліктің күн сайын таңда техникалық тексерістен өтетінін айтады.