Қарағандыда өндірілетін вакцина ресми тіркелді

0
2 342

Қазақстанда вакцина өндіру туралы шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қорының комиссиясы қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарына жүргізілген сараптамаларының нәтижесінде қабылданған.


Қарағандыда өндірілетін вакцина ресми тіркелді

ERNUR.KZ. Қарағанды фармацевтикалық кешені Қазақстан Республикасының аумағында «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник – V») коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркеу рәсімін аяқтады, деп жазады ҚазАқпарат.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, 13 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама ұйымы тіркеу дерекнамасының материалдарын қарау нәтижесі бойынша вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытынды берген.

Аталған қорытынды негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданды.

Осылайша, Қазақстан «Спутник-V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші мемлекет болды. Бүгінгі күні вакцина Ресей, Беларусь, Аргентина, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай, Түрікменстан, Мажарстан, БАӘ, Иран, Гвинея Республикасы, Тунис, Армения, Мексика, Никарагуа, Серб Республикасы (Босния және Герцеговина энтитеті), Ливан, Мьянма, Пәкістан, Моңғолия және Бахрейн сияқты мемлекеттерде тіркелген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда вакцина өндіру туралы шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қорының комиссиясы қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарына жүргізілген сараптамаларының нәтижесінде қабылданған болатын. ҚФК алаңы ресейлік субстанциядан дайын өнімді өндіруге анағұрлым дайын болып шықты. РТИҚ мамандары жүргізген техникалық аудит нәтижесі өндірістік алаңның коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын түрін шығару үшін барлық талаптарға сәйкес келетінін растады.

Ақпан айының соңында еліміздің барлық өңірлеріне ҚФК өндірген «Спутник - V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, Қазақстанда жергілікті әзірлеушілердң болуы, сондай-ақ вакциналар өндірісі үшін жергілікті алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді азайтуға және еліміздің эпидемиологиялық ахуалының тұрақтануына елеулі ықпал етуге мүмкіндік береді.