Қарағандыда жусаннан коронавируске қарсы дәрі әзірленіп жатыр

0
5 908

Жусанның 82 түрі бар. Қазіргі індетке қарсы тиімді дәрі жасау мақсатында оның барлығы жіті тексеріліп жатыр.


Қарағандыда жусаннан коронавируске қарсы дәрі әзірленіп жатыр

Коронавирус инфекциясын жусаннан жасалған дәрімен емдеуге болады. Америка Құрама Штаттары ғалымдарының осы пікірі әлемде қызу талқыланып жатыр. Ал Қытай құрамында жусаны бар ковидке қарсы дәрі жасауды бастап кеткен. Жусанның емдік қасиеті бар екенін қазақ ғалымдары баяғыдан айтып келеді. Ал іс жүзінде ол тиімділігін байқатты ма?

АҚШ ғалымдарының «жусан сығындысынан ковидке қарсы дәрі жасап шығаруға болады деген сөзі қызу талқыланып, тіпті дәрісі клиникалық тексерістен өтіп жатыр. Капсуладағы ұнтақ әсіресе вакцина жүргізу қиын елдерде қолдануға қолайлы болады деген пікір бар. Ұнтақтың негізгі құрамы кәдімгі жусаннан жасалады.


- Бес күнде 500 грамм шөптен эфир майын аламыз. Ол үшін аппараттың көмегіне сүйенеміз. Эфир майының көлемі 100, 200 грамнан аспайды. Ол су буы арқылы бөлініп, тоңазытқышқа түсіп отырады, - дейді зертхананың ғылыми қызметкері Әйгерім Мақұбаева.


Жалпы жусанның 82 түрі бар. Қазіргі індетке қарсы тиімді дәрі жасау мақсатында оның барлығы жіті тексеріліп жатыр. Аталған шөптің 20-дан астам түрі тек қазақ даласында өседі. Осы Қазақстанда алынған сығындылар негізінде Қытайда дәрілік заттар шығарыла бастаған.


- Американдық әріптестермен бірігіп, Қазақстан жусан түрінен биологиялық белсенді заттар негізінде коронавируске қарсы дәріні бірігіп жасап жатырмыз. Осының арқасында Қазақстанның өзіндік дәрісі болады. Ол шетелге де шығарылып, басқа ауруларға да қажет болады. Осыны тез арада дайындап, өндіріс пен клиникаға енгізуіміз керек, - дейді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Серғазы Әдекенов.


Жобаға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар оның 2/3 қолдауға дайын екенін айтқан. Осы кезде Қазақстан тарапынан қалған бір бөлігін қаржыландыру мәселесі туындайды. Мәселе қазір үкіметте қаралып жатыр. Дәрінің клиникалық сынағы да сәтті өткен. Оны шетелдік бірқатар ұйым мойындапты.


Дереккөз: Хабар24.