Жәбірленуші келесі күні полицияға шағым түсірген.
ERNUR.KZ. Қарағандыдағы түнгі клубтардың бірінде ресейлік "Слот" тобының концерті кезінде прожектор дұрыс орнатылмай, құлап, екі қыз ауыр жарақат алған. 2019 жылдың 5 қыркүйегінде болған оқиға енді ғана мәлім болған, деп жазады Skifnews.kz.
Сол түнгі оқиға туралы ақпаратты жәбірленушілердің бірі әлеуметтік желіге салған. Оның айтуынша, жәбірленушімен әлі күнге дейін ұйымдастырушылар байланыспаған, ал полиция қызметкерлері істің мән-жайын анықтамаған.
Қарағандылық қыздың сөзінше, ол концертке кеш келген, адам толған клубта небәрі 10 минут болған. Оған прожектор қайдан түскені белгісіз. Ауыр жарақат алған қыз бірден есінен танып қалған.
"Адам толы жерде мен есімнен танып қалдым. Оны ешкім байқаған жоқ, ешкім көмектескен де жоқ. Мені таптай бастады, сөйтіп есімді жидым. Орнымнан тұрып әжетхана жаққа бардым", - дейді Виктория Забулика.
"Үсті-басым қан болды. Ұйымдастырушылар қасымда болмады. Басым айналып кетті", - дейді жәбірленуші.
Жәбірленуші келесі күні полицияға шағым түсірген.
"Жарты жылдай тергеу жүрді, ақпаратты ешқайда таратпауымызды сұрап, істің мән-жайы анықталатынын айтты. Алғашында кінәлі адамды таба алмады. Сосын құрылғыны орнатқан Андрей есімді адам кінәлі деп айтты. Андрей өзін кінәлі деп санамайды. Мен қайта оңалуға, адвокат жұмысына бір миллион кеткенін айттым. Одан кейін менімен ешкім байланыспады", - дейді Виктория.
Викторияның сөзінше, тергеуші нақты ақпарат бермей отыр. Ал бірнеше күн бұрын ол қылмыс құрамы жоғын және сот болмайтынын айтқан.