Қария зейнетақысына ауылындағы жолдың шұңқырын жамап жүр

0
863

Ақсақал өзімен бірге өзгелерге де пайдам тисін деген ниетпен көшені жөндеуге бел буған.


Қария зейнетақысына ауылындағы жолдың шұңқырын жамап жүр

ERNUR.KZ. Өзіңе сенбесең, өзгеден көмек жоқ. Алматы облысында тұратын ақсақал ауылындағы асфальттарды өз қаражатына жөндеп жүр. Шұрық-тесік болған ескі жолдардың олқылығын жөндеуге жергілікті атқамінерлер аса құлық таныта қоймаған. Әкімдіктен қайыр болмағасын, қария өз зейнентақысына жөндеу жұмыстарын бастап кетіпті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.



«Мына жерге құйдым, мынаған құйдым. Осыдан былай жеті шелек бетон кетті», - дейді Түймебаев ауылының тұрғыны Бүртөре Ағабаев.


Бүртөре Ағабаев 2005 жылдан бері Мұхаметжан Түймебаев ауылында тұрады. Жер телімін алып үй салған кезінде мұнда жол мүлдем болмаған. Уақыт өте келе көшелер асфальтталған. Алайда сапасыз салынғандықтан көп ұзамай шұңқырлар пайда болып, үлкейе бастапты.


«Үйде бір қалған бір қалта цемент бар еді. Соны алдым да щебень бар араластырып, мына жол ойылып жатыр, қарап отырғанша құяайын деп, құйдым бәрін. Щебеньмен араластырып цементті. Халыққа бір пайдам тисін деп», дейді Түймебаев ауылының тұрғыныБүртөре Ағабаев.


Жасы жетпістен асқан қарияның отбасы үлкен. 7 баласынынан немере, шөбере сүйіп отарған ақсақал өзімен бірге өзгелерге де пайдам тисін деген ниетпен көшені жөндеуге бел буған.


«Мына көшедегі асфальттардың тесігін бетон қойып, жамап жүр ағам. Өткенде келе жатқанда цемент әкеп бер деді. Әкеп бердім. Жаманшылығын көрген емеспін. 2005 жылдан бері көршімін бұл ағамен. Қазір нормальный машинамен жүрген адамның барлығы рахметін айтып жатыр. Бетон, бетон тесіктеріне қарамай құйып жүр», - дейді көршісі Абай Садықов.


Қарияның еңбекқорлығын үйінен де байқауға болады. Қаршауын жағалата 50-ден астам ағаш отырғызған. Елді мекендегі ең жасыл желекті үй осы екен. Жергілікті әкімдік көшенің шұрық-тесігін келесі жылы жамаймыз деп жүргенде зейнеткер олардың алын орап кетіпті.


«Біздің Ащыбұлақ ауылдық округі өте үлкен, 4 елдімекені бар. 4 елді мекеннің ішінде бес жүздей көше бар. Соның әр қайсысы өзінің бір жылы бір көше жасалса, келесі жылы екінші көше жасалады. Оның сапасын қадағалап отырамыз», - дейді Ащыбулақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенже Бурхина.


Бүртөре ақсақалдың арқасында көшеде бірде бір шұңғыр жоқ. Енді шұңқырға түсіп кетемін деген қауіп жоқ. Жарықтандырылмаған көшемен жүру қауіпсіз. Сондықтан көршілері ақсақалға алғыстарын айтумен келеді.