Қарттарға бір реттік көмек беріледі

0
2 822

Сыйлықты тағайындаған әкімдік қарияларға көмек мұнымен тоқтап қалмайды дейді.


Қарттарға бір реттік көмек беріледі

"Қарттар күніне" елордалық әр қарияға 6 мың 313 теңге бір реттік жәрдемақы беріледі. Ол үшін бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 70 мыңға жуық зейнеткер қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Алайда, белі ауырып, балтыры сыздаған егде тартқан кісілер "бұл қаржы ай сайын алатын дәрі-дәрмегімізге де жетпейді", - деген пікірде. Сыйлықты тағайындаған әкімдік болса, мұнымен қарияларға жеңілдіктер тоқтап қалмайды деп сендіріп отыр.

Қала тұрғыны Райгүл Шайымбетова саналы ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер. Бейнетінің зейнетін көрер шақта жыл сайын денсаулығы сыр беріп, арнайы есепке алынған. Әкімдіктің берген көмегі демеу болғанымен, жыртыққа жамау бола алмайды, дейді.

"Енді, 30 жылдан асып кетті пенсионер болғаныма. Жеңілдікпен шыққанмын 5 баламен. Мен айына өз басым 20 мыңнан астам теңгеге дәрі аламын. Өзім бірнеше науқаспенен учетта тұрамын. Ол қай жағына жетеді? Продукты күннен-күнге қымбаттап жатыр. Бір 6 мың теңге немізге жетеді?", - дейді зейнеткер Райгүл Шайымбетова.

Зейнеткер "қарттар күніне" берілетін бір реттік жәрдемақының көлемін естігенде таңданысын жасыра алмады. Оның орнына, күн санап қатары сиреп бара жатқан замандастарының көңілін аулайтын, басын қосатын "Қарттар клубын" құруды сұрап отыр.

Жәрдемақыны тағайындаған әкімдік болса, 6 мың 313 теңгеден тараттық екен деп, қазыналы қарттарымызға әлеуметтік көмекті тоқтатпаймыз, - дейді. Зейнеткерлерге бүгінде сан алуан қызмет бойынша жеңілдіктер барын айтып отыр.

"Осы 1 қазан - Қарттар күнінде 70 мыңға жуық зейнеткер қамтылады. Барлық зейнеткерлерді, мүгедектерді, көпбалалы аналарды бірнеше санат бойынша ережелер бар. Оның мөлшері әр түрлі. Мысалы, өмірдің қиын жағдайына тап болғанда, өрт болуына байланысты ол дегеніміз 165 АЕК көрсетіледі. Жер үйде көмір жағатын зейнеткерлерге төленетін әлеуметтік көмектің мөлшері қазір 16 АЕК, бір зейнеткерге 40 мың 400 теңге көрсетіледі", -деді Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 2 млн-ға жуық зейнеткер бар. Бірақ, бұл сыйақы барлығына бірдей берілмейді. Тек, елордалық қарттарға таратылады. Ал, бір реттік көмек тағайындалғандарға оны алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша олардың есепшотына түседі.