Kaspi.kz қосымшасы: қазақстандықтардың ақшалай аударымдары тексерілетін болады

0
1 783

Қаржы министрлігі барлық төлемге бірдей салық салынбайтынын атап өтті.


Kaspi.kz қосымшасы: қазақстандықтардың ақшалай аударымдары тексерілетін болады

ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі салықтан жалтарған кәсіпкерлерді анықтау үшін қазақстандықтардың ақшалай аударымдарын тексереді. Бұл туралы бүгін бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты, деп жазады sputniknews.kz.

Қаржы министрлігі Kaspi банкінің ғана емес, барлық екінші деңгейлі банктер арқылы аударылатын электронды ақшаның бір бөлігіне салық салуды жоспарлап отыр.

"Бізде электронды түрде жүргізілетін процедураларға салық салынуы тиіс. Егер ол адамның табысы болса. Салық мөлшері әртүрлі. Мәселен, егер ол жеке кәсіпкер болса, онда жеке табыс салығы, егер заңды тұлға болса, корпоративті табыс салығы, қосымша құн салығы және тағы басқа" – деді Шолпанқұлов сенат кулуарында.

Вице-министр барлық төлемге бірдей салық салынбайтынын атап өтті. Егер адам ұялы телефонына ақша салып немесе жақындарына көмек ретінде ақша аударса, бұл табыс ретінде саналмайды. Сәйкесінше, салық та салынбайды. Әр ақша аударымы жеке-дара қаралады.

Шолпанқұловтың айтуынша, егер адамға басқа жеке тұлғалардан ақша тұрақты түрде түсіп тұрса, онда салық қызметтері мұны тексереді.

"Бұл барлық банкке қатысты болады. Кім табыс алса, сол салық төлеуі керек", - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, министрлік төлем статусын енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, төлем түрлеріне атау беріледі.

Мәселен, тауар сатып алу үшін ақша аударса, тауар төлемі, қайырымдылық үшін болса, қайырымдылық төлемі және тағы басқа.

Бұған дейін қаржы министрлігі Kaspi банкімен бірлесе отырып, қолма-қол ақшасыз аударым жасау тәсілін заңдастыру жолын қарастырып жатқаны хабарланған еді.