Қазақстандық әйелдің қанынан бұлшықеттердің қаттылығы мен күшін арттыратын синтетикалық анаболикалық стероид - дростанолон анықталған.
Фото: ҰОК/ Владислав Семёнов
ERNUR.KZ. Қазақстандық желаяқ Аяна Болатбекқызының Азия ойындары кезінде алынған сынамасынан тыйым салынған зат табылды, деп жазады tengrisport.kz.
ITA мәліметінше, сынаманы Халықаралық спорт агенттігі (ITA) Азия Олимпиадалық кеңесінің (OCA) аясында 2026 жылғы 27 қыркүйекте Жапонияның Нагоя қаласында өткен жарыс кезіндегі антидопингтік бақылау барысында алған.
Қазақстандық әйелдің қанынан бұлшықеттердің қаттылығы мен күшін арттыратын синтетикалық анаболикалық стероид - дростанолон анықталған.
Зат табылған бойда спортшы жарыстардан шеттетілген.
Аянаның уақытша дисквалификация туралы шешімге Спорттық төрелік сотының Антидопингтік бөліміне (CAS ADD) шағым түсіруге және В сынамасына талдау жасауды сұрауға құқығы бар екені атап өтілді.
Аяна Болатбекқызы деген кім?
Аяна небәрі 19 жаста - ол 2006 жылы 5 қарашада Жетісу облысында дүниеге келген.
Орта қашықтықтарға жүгіруге маманданған. Жапониядағы Азиадада Қазақстан құрамасы сапында 1500 метрге жүгіруден бақ сынап, финалға жолдама алды, онда 11 қатысушының ішінде 10-орынға ие болды.
Тілшіміз спортшымен және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясымен байланысуға тырысты, бірақ олар әзірге оқиғаға қатысты ақпарат берген жоқ.
Азиададағы жеңіл атлетикаға қатысты тағы бір жанжал
Еске сала кетейік, Азия ойындары кезінде Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасына қатысты тағы бір оқиға болған еді.
Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафонда жеңіске жетті, бірақ оның нәтижесі спортшының аяқ киімі рұқсат етілген тізімде болмауына байланысты жойылды. Нәтижесінде спортшы медальсыз қалды.
Спортшы журналистермен әңгімелесу барысында өзіне сын (хейт) айтылады деп ойлағанын, бірақ соңында үлкен қолдауға ие болғанын мойындады.


